$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Павлодар жастары Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы қарсаңында жиын өткізді

AstanaTV
15.04.2014ж. 20:00
1290
Павлодар жастары Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы қарсаңында жиын өткізді

«Бірлік және келісім: қазақстандық даңғыл жол». Павлодар жастары Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы қарсаңында осындай атаумен жиын өткізді. Бұған белсенді жас буынмен қатар, халық қалаулылары, этно-мәдени орталықтар өкілдері мен тарихшылар қатысты. Шараны ұйымдастырушы «Жас отан» жастар қанатының «Еркін пірік» пікірталас клубы.

"Қазақ елі көп этносты мемлекет. Сондықтан біздің негізгі тірегіміз ұлтаралық татулық", - деді шараға арнайы шақырылған «Нұр Отан» партиясы Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арман Ешмұратов. Тарихшы өз сөзінде тәуелсіздік алған жылдарға тоқталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық мәселеге келгенде сындарлы саясатты ұстанғанын атап өтті.

Әсіресе елімізде құрылған теңдесі жоқ институт Қазақстан халқы Ассамблеясы - Президентіміздің көрегендігің белгісі деді. Шындап келгенде, аталған құрылым бүгінде әр санаттағы қауымды біріктірген, түрлі тілді, бірақ мақсаты бір - бірегей шаңырақ. Ең бастысы, қазір ассамблея жұмысына жастар белсене араласуда.

Элина Паули, Павлодар облыстық ҚХА жастар бірлестігі кеңесінің төрайымы:

Келісім мен бірлік маңызды тақырып. Сондықтан жастар арасында, осы тақырыпты, осындай мәселелерді көтеру, әрине, керек. Себебі жастар біздің Қазақстанымыздың болашағы.

Дәл осы тақырып бүгін оралдық жастардың арасында да талқыға түсті. Белсенді жастардан құралған бұл клубтың отырысы әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Мақсат - жастар арасындағы өзекті мәселелерді, елдегі және шетелдегі орын алып жатқан оқиғаларды талдау, өзгелерге ұғындыру. Бұл жолғы басқосуда ұлтаралық татулық пен мемлекеттік тіл мәселесі кеңінен сөз болды. Бүгінде Батыс Қазақстан облысы 130-ға жуық ұлт өкілдерінің құт-мекеніне айналған. Олардың барлығы да қоғамдық маңызы мол шараларға белсене қатысады. Бүгінгі жиында да түрлі ұлт өкілдерінен құралған жастар ел бірлігіне қатысты өз ойларын жеткізді.

Галина Самойлова, журналист:

Клубтың бүгінгі отырысында мемлекеттік тіл мәселесі көтерілді. Барша қазақстандықтар үшін қазақ тілінің мәртебесі қашан да биік. Сондықтан қазақ тілін оқып-үйрену әрбір адамның азаматтық парызы деп білемін. Егер тілді әдеби деңгейде жете, мемлекеттік деңгейде, әдеби тілде меңгере алмаса да, тұрмыстық деңгейде сөйлей білуі керек.

Еркін ҚАРИН