$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Петропавлда Есіл өзені ернеуінен асып, Заречный кентіне су келді

AstanaTV
18.04.2014ж. 20:00
1526
Петропавлда Есіл өзені ернеуінен асып, Заречный кентіне су келді

Петропавлда Есіл өзені ернеуінен асып, Заречный кентіне су келді. Осының салдарынан ауылдың шетінде орналасқан ондаған саяжай судың астында қалды. Дегенмен, саяжай маусымы басталмағандықтан, зардап шеккендер болған жоқ. Топан су сол жерде өтіп жатқан Челябі-Новосібір тас жолын да басып қалды.

Жол полициясының қызметкерлеріне республикалық маңызы бар жолды шамамен 10 күнге жабуға тура келді. Қазір көліктер Заречный кенті арқылы өтетін айналма жолмен қатынап жүр. Апат орнына бірден қала әкімі келіп, дереу төтенше жағдай департаментінің өкілдерімен жиналыс өткізді. Артынша мобильдік топтар құрылып, құтқарушылар елді мекендегі су басқан әр үйді аралап шықты.

Азамат Орынбаев, Петропавл қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

Арнайы 10 мобильдік топ құрылды. Қазір басқарманың бүкіл қызметкерлері осында жұмылдырылған. Егер де жағдай ушықса, біз тұрғындарды құтқаруға дайынбыз.

Қазір Петропавлдың шеткері аудандарына да су басу қаупі төніп тұр. Алайда қалалық әкімдіктің өкілдері: "Апатқа төтеп беруге сақадай саймыз", - дейді. Шенеуніктер тұрғындарды көшіру үшін жергілікті екі мектепті әзірлеп қойған. Жалпы құтқарушылардың айтуынша, Есілдегі су деңгейі әлі де көтеріледі. Қауіп сәуірдің жиырмасынан кейін де сақталады дейді. 

Данияр Сапаров, Петропавл қаласының әкімдігі төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:

Челябі-Новосібір тас жолының 528 шақырымын су басты. Қазір апаттың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тасқынның салдарынан Заречный кенті мен Былғары зауыт ауданының 74 үйі су астында қалу қаупі бар. Біз тұрғындарды алдын-ала ескертіп қойдық. Сондай-ақ екі мектепті тамақ және төсек орынмен қамтамасыз еттік.

Абзал ҚҰРМАНКИН