Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Иран инвестициялар құюға әзір, жер қойнауын пайдалануға орай екінші аукцион өтеді

AstanaTV
07.05.2016ж. 20:00
1850
 Иран инвестициялар құюға әзір,  жер қойнауын пайдалануға орай екінші аукцион өтеді

«Бізді ешкім күтіп тұрмайды. Ілгері жылжу керек». Бұл сөздің жаны бар. Біз онсыз да кеңес одағының қақпанында болып, өркениет көшіне ілесе алмай – технологиялық жағынан дамығандардың шаңында қалдық. Бізге расында инвестициялар керек.  Мысалы, әлемге қайта ашылған Иран, жаңа технологиялардың отаны болмаса да,  көп мүмкіндіктерге жол ашатын нарық. «Kaznex Invest» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Алмас Айдаров «Астана» арнасына берген сұхбатында Иранның 3 холдингі «Қазгеология»-мен бірлескен кәсіпорын құрып, Қарағанды облысында қойнында темір рудалары бар кеніштерге барлау жұмыстарын жүргізетінін хабарлады. Әрине, алдағы маусым айында Астанада өтетін Халықаралық тау-кен конгресі аясында жер қойнауын пайдалануға құқық сатылатын аукционда жеңімпаз атанса. Аукцион екінші рет өтеді, біріншісі былтыр желтоқсанда ұйымдастырылған. Сол кезде бюджетке 1,5 млрд теңге немесе 4,5 млн доллар түскен. Аукционға түскен 100 кеніштің 49-ы сатылған. Конгрестің ресми сайтында бұл жолы сатылымға пайдалы қазбалары бар 101 участок шығарылатыны хабарланған. Алтын, күміс, мыс, марганец, темір... 

Иран инвестициясына қайта оралсақ, олар Қапшағайда күннен энергия алатын станция салуға, сондай-ақ, Каспийдегі «Кендірлі» курортына да қызығушылық танытқан. Сұрайтындары виза алу режимін жеңілдету.

Алмас Айдаров,  «Kaznex Invest» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Олар Қазақстанда туризмді дамытуға дайын. Сол салаға ақша құюға дайын. Себебі бұл сала әлі бос жатыр. Болжам бойынша биыл Қазақстанда сыртқы туризм 70 пайызға азаяды. Яғни адамдар ішкі туризмге ден қоя бастайды. Бұл жергілікті курорттарды дамытуға итермелейді. Ирандықтардың Кендірліге қызығып отырғандары, өздеріне жақын. Климаты ұқсас.

Осыдан біршама уақыт бұрын Кендірліні халықаралық туризм ошағына айналдыру туралы құлақ тұндырар мәлімделемер жасалған. -20 қонақүй, спорт кешендері, гольф ойнайтын үш алаң, яхта тоқтайтын айлақ саламыз,- деп жар салған, туризм саласына жауаптылар. 

Енді жер қойнауын барлауға құқық сатылатын аукционға қайта ораламыз. Аукционға шығарылатын кеніштердің арасында Солтүстік Қазақстан облысының аумағындағы «Қаратал» кеніші аталған. Алмас өндіретін. Бұл не кеніш? 

Светлана Водопьянова, Манаш Қозыбаев ат. СҚМУ геология пәнінің оқытушысы:

Перспективасы әлі зерттелмеген. Алмас тастардың кездесуі жақын маңда үлкен кеніштің болуы мүмкін екеніне, оның тіпті зергерлік алмас болуы ғажап еместігіне нұсқайды. Бірақ дәл білу үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу керек. Көп алмас Қара-ағаш алаңындағы теңіз қалдықтарының орнында кездеседі. Бұл біздің облыстың үш ауданы. Құрамында алмас бар жыныстар 100, одан да көп метр тереңдікте. Мұндай алмастар тау - кен өнеркәсібінде, мұнай, машина жасау салаларында қолданылады.Техникалық алмастардан бөлек, облыстың оңтүстігінде зергерлік алмастар да кездеседі. Бірақ сирек кездеседі. Үлкен қоры бар да шығар. Алайда оны іздеу керек. Іздеп жатқан ешкім жоқ. Барлау соңғы рет 1993-94 жылдары жасалды, кейін ақша жоқ деп, тоқтап қалды. Қазір инвестор іздеп жатқандары содан.