$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Мұнайға қосалқы қызметтердің қосақталған мәселелері...

AstanaTV
07.05.2016ж. 20:00
1585
Мұнайға қосалқы қызметтердің қосақталған мәселелері...

Жер қойнауын пайдаланушы бірқатар компаниялар тауар мен қызмет көрсетуде қазақстандық үлесті арттыруға құлықсыз. Атырауда өткен «Мұнайгазсервис - 2016» конференциясында бұл мәселе кезекті рет айтылды. Мысалы, Павлодарлық кәсіпкер Илья Лобашевскийдің пікірінше, «Теңізшевройл» компаниясы Қазақстанда болат құбырлар өндіретін зауыт бар екенін біле тұра, тауарды шетелден алдырады. 

Илья Лобашевский, Павлодар қаласы «KSP STEEL» ЖШС бас директорының орынбасары:

Теңізшевройлдың отандық үлесті арттыру туралы берген ақпараты шындыққа жанаспайды. Бізде тиісті сертификат бар. Олар қажетті құбырды жасай алмайсыздар, дейді. Бұған дейін ТШО-ға 2,5 тонна құбыр жібердік. Бірақ олар ақауы бар дейді. Осы жиынға энергетика министрлігінің өкілдері қатысып отыр. Аталған мәселені бақылауға алуды сұраймын.

Қазақстанда былтыр мұнай-газ сервистік компаниялардың жұмысы 25 пайызға азайған. Бұл мұнай бағасы барреліне 51 доллар болған кездегі жағдай. Ал биыл саладағы ахуал тіпті күрделі.Сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, проблема шаш етектен. Мысалы, қазақстандық сервистік компаниялардың  қаржысы аз, ал қандай да бір жобаға қатысу үшін жеке қорында қомақты қаражат жату керек. Банктердің оларға несиені қандай пайызбен беретінін әңгімелеу артық.

Нұрлан Жұмағұлов,  Қазақстан сервистік компаниялар одағының бас директоры:

Ең бастысы -  қаржының жеткіліксіз болуы. Өйткені теңіз кен орнында үлкен тендерлер  жарияланады.  Олар 1 млрд. доллар. Кез келген қазақстандық  сервистік компанияның ондай қаражаты жоқ.  Сол үшін кейбір тендерлерге қазақстандық компаниялар қатыса алмайды. Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған сияқты мұнай газ жобалары 90 жылдары іске асты.  Ол кезде инвесторларды тарту үшін  оларға және олардың қосалқы мердігер компанияларына  жеңілдіктер берілген болатын.  Мысалы,  олар баж салығын төлемейді, НДС төлемейді.  Мысалы, бұрғылау компаниясы  өзіне керекті  бұрғылау станогын ешқандай салықсыз алып келеді. Ал қазақстандық компания жұмыс істеу үшін  оған салық төлейді.  Бұл тең дәреже, тең ойын емес.  Біз бұл салада жоғары мемлекеттік органдарға сұрақтар көтеріп жатырмыз «теңестірілсін»- деп, «қазақстандық компанияға да осындай  проференция берілсін»,- деп.

Мұнай-газ саласында қосалқы қызмет атқаратын компаниялар «Жер қойнауы туралы» Кодекстің жаңа жобасы қазақстандық үлесті арттыруға тосқауыл болады деп алаңдайды. Олардың пайымдауынша, кодекс жобасында, ДСҰ мен ЕАЭҚ талаптарына қайшы келмесе де, қазақстандық бизнесті қолдау шаралары алынып тасталған. Нақтырақ айтқанда:

-жер қойнауын пайдаланушылардың келісім-шарт талаптарын орындау барысын бақылау алынып тасталған.

- жер қойнауын пайдалану бағытындағы келісім шарттарда қазақстандық үлес бағытындағы ең төменгі міндеттемелер (50%) алынып тасталған.

- келісім-шарт міндеттермелерін орындамағаны үшін жауапкершілік қаралмаған;

- жер қойнауын пайдаланушылардың тауар, жұмыс және қызмет түрін сатып алу тәртібі қаралмаған.