Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Атырауда терможаңғыртудан өткен үйдің тұрғындары сотқа шақырту алды

AstanaTV
22.04.2014ж. 20:00
1261
Атырауда терможаңғыртудан өткен үйдің тұрғындары сотқа шақырту алды

Атырауда терможаңғыртудан өткен үйдің тұрғындары сотқа шақырту алды. Пәтер иелері мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілген күрделі жөндеу қаржысын қайтармаған. Бағдарламаның операторы «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» серіктестігінің басшылығы тұтынушылардан борышты қайтаруға барын салуда. Ал тұрғындар болса, сапасыз құрылысқа ақы төлемеуге бекінді. 

Атыраудағы Авангард мөлтек ауданы тұрғыны Зоя Климченко күрделі жөндеу жасауға әу баста келісім берген. Бірақ жүргізілген құрылыс жұмыстарына оның көңілі толмаған. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаның ақшасын төлеуден үзілді-кесілді бас тартты. Енді жалғызбасты зейнеткер сот табалдырығын тоздырып жүр.

Зоя Климченко, Атырау қаласының тұрғыны:

Мен төртінші қабатта тұрамын. Жөндеуден кейін жаңбыр жауған сайын су тамшылап тұрды. Бұл күрделі жөндеу ме? Мен төлемеймін. Кіреберістен аттағанда, жаңа үйге кіргендей сезім болуы керек. Рас келісімшартқа қол қойдым. Бірақ мен күрделі жөндеу үшін келістім, мынадай шала-шарпы жұмыс үшін емес. Менің үстімнен сотқа талап арыз берді. Бәрібір төлемеймін.

Жыл басынан бері қалалық сотқа Зоя әжей секілді мемлекет ақшасын қайтармаған 158 адамның үстінен талап-арыз түскен. Сот олардың 56-сын қарап, құрылысқа кеткен қаражатты өндіруге шешім шығарған.

Жігер Жетпісбаев, Атырау қалалық сотының судьясы:

56 талап арызға сот шешім шығарды. Жауапкерлер көбіне сот отырысына келмейді. Бірақ азаматтық істі оларсыз қарауға мүмкіндігіміз бар. Ал сот отырысына қатысқан тұрғындар үйлерге жасалған жөндеудің сапасыздығына шағымданып, төлеуге міндетті емеспіз деп есептейді. Көп жағдайда талап- арызды жартылай қанағаттандырамыз.

Тұрғындарды сотқа сүйреп жүрген 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның Атырау қаласындағы операторы - «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС. Компания мемлекет қаржысын өз еркімен қайтарғысы келмеген тұрғындардан ақша өндірудің өзге де жолдарын тауыпты.

Зұлқаш Нәубеков, «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директорының орынбасары:

Сот шешімі бойынша 332 мың түсті. Әрі қарай жұмыстар жалғастырылып жатыр. Төлемеген адамдардың жұмыс орнына хат жіберіліп жатыр. Мемлекеттік жұмыста жасайтын адамдардың жұмыс орнына хат жіберілді. 250 мекемеге жұмысшыларының қанша қарыз екенін айтып хат жіберіп, орындалуын қадағалап отырмыз. 

Атырау қаласында тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бастау алған үш жылда 30 үй жөнделіп, тағы үшеуінің лифтісі алмастырылған. Аталмыш үй тұрғындары бұл жұмыстар үшін күні бүгін 136 млн теңге төлеуі тиіс еді. Алайда соманың 26 пайызы ғана қайтарылған.

Халық сапасыз құрылысқа ақша төлемеуге қанша бекінсе де, оператор компания бір тиыны қалғанша жинап алуға бел буып отыр. Айта кетейік, биыл өңірде тағы 20 үйге жаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жасау жоспарда тұр.

Базаргүл ІЗІМОВА