$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Алматыда есептен шығару талонымен дауыс беру белсенділігі артты

AstanaTV
20.03.2016ж. 20:00
2878
Алматыда есептен шығару талонымен дауыс беру белсенділігі артты

Елдің келешегі үшін дауыс беру - әрбір қазақстандықтың парызы. Осы қағиданы жіті түсінген азаматтар, іссапармен басқа облыста жүрсе де, өздерімен бірге есептен шығару куәлігін алып, дауыс беруге белсенді қатысуда. Олардың қатарында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да бар. Тұрғылықты мекен-жайынан есептен шығару куәлігін алып, басқа қалада дауыс беру құқығына ие болған жұртшылықпен алматылық әріптесім Айгүл Ермахан тілдесті.

Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының тұрғыны Гүлнұр Қыдырбай іссапармен Алматыға келді. Сайлау күні сапарға шыққан ол тұрғылықты мекен-жайынан есептен шығару талонын ала келіпті. Бұл қағазбен кез-келген сайлау учаскесіне барып, дауыс беруге құқылы екенін жақсы біледі. Алты партияның байыпты тұғырнамаларымен танысып шыққан заңгер бүгін өз таңдауын жасады.

Ал Нұрсезім Төлеуова Алматыға оқып жүр. Есептен шығару куәлігі арқылы өз таңдауын жасап, ел өміріндегі маңызды саяси науқанға ат салысты.

Нұрсезім Төлеуова, сайлаушы:

Тұрғылықты жерім - Талдықорған, өзім осы Алматыда оқып жатқан соң, дауыс беруді жөн көрдім. Әрбір студент, Қазақстан Республикасының азаматы дауыс беруге атсалысу керек. Есептен шығару куәлігін алу көп уақыт алған жоқ. Кез келген сайлау учаскесінде дауыс беру құқығына ие болдым.

Есептен шығару талонымен дауыс бергендердің қатарында еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы да болды. Тұрғылықты мекен-жайы Астанада болғанымен, сайлау күні Алматыға жолы түсіпті.

Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:

Біздің бірлігіміз басты құндылығымыз  - ол бірлікте. Ұлтаралық, дінаралық татулықта. Бүгінгі сайланып жатқан халық қалаулылары елдің игілігі мен халықтың бірлігі үшін, Алла жазса, аянбай жұмыс істейді деген ниеттеміз.

Алматыдағы нөмірі 372 сайлау учаскесінде есептен шығару куәлігімен дауыс берушілердің қарасы қалың. Басқа облыстан 30-ға жуық азамат дауыс беріп үлгерді. Ал осы учаскенің тіркеуінде тұрған 10 азамат есептен шығару куәліктерін алған.

Елмира Бидайбекова, Алматы қаласы № 372 сайлау учаскесінің төрайымы:

Жалпы саны 2157 сайлаушы тіркелген болса, соның мыңы дауысын берді. Үйге дауыс беруге өтініш білдірген 15 сайлаушы бар. Оларға біз тасымалданатын жәшіктерді апарып, өздерінің дауысын беруге жағдай жасадық.

Айгүл Ермахан, тілші:

«Ынтымақты ел - ырысты». Біз тұрған №372 сайлау учаскесіндегілердің ұраны осындай. Жастың да, жасамыстың да белсенділігінен келер күнге деген үлкен сенім аңғарылады. Мерекелік көңіл - күймен келіп дауыс беріп жатқан жұртшылықтың бюллетень алуына, кабинаға емін-еркін кіріп дауыс беруіне еш кедергі жоқ. Сайлау барысының заңға сай өтуін қадағалап отырған халықаралық байқаушылар да, пікірлерімен бөлісті.

Омер Коджаман, халықаралық байқаушы:

Қазақстанның сайлауды өткізуге жақсы дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Барлық қажетті материалдар бар. Халық өте белсенді қатысуда. Халықтың ел болашағына бей-жай қарамайтыны байқалады. Заң бұзушылық болған жоқ.

Мәжіліс пен Мәслихаттар сайлауына қатысу құқығына шаһарда 1 млн 38 мың адам ие. Алматыда 37 округтік сайлау комиссиясы мен 532 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Қалалық мәслихаттағы 37 мандатқа 100 үміткер өтініш білдірген. Шаһардағы сайлау заңдылығын 70-тен астам халықаралық, сондай-ақ отандық байқаушылар бақылап отыр. Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, есептен шығару куәліктерінің басым көпшілігін Астана мен Алматы тұрғындары рәсімдеген.

Айгүл ЕРМАХАН