Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Астанада екі рет Кеңес Одағының Батыры атанған Талғат Бигельдинов туралы фильмнің тұсаукесері өтті

AstanaTV
05.05.2014ж. 20:00
1241
Астанада екі рет Кеңес Одағының Батыры атанған Талғат Бигельдинов туралы фильмнің тұсаукесері өтті

Астанада екі рет Кеңес Одағының Батыры атанған Талғат Бигельдинов туралы фильмнің тұсаукесері өтті. «Көкке көтерілу» атты кинотуынды «Нұр Отан» партиясы мен «Алтын Қыран» қайырымдылық қорының қолдауымен және «Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесі» бірлестігінің бастамасымен түсірілді.

Тарихи деректі лентада сұрапыл жылдары ел қорғауға аттанған 19 жастағы жігіттің тағдыры баяндалады. Жалпы фильмге 1966 жылы жазылған «Илы атакуют» кітабындағы естеліктер арқау болған. Кино авторлары компьютерлік кескіндеудің қазіргі әдістерін пайдалана отырып, «қазақ қыранының» әуе шайқастарын әсерлі бейнелеген. Қойылымдық түсірілімнің көмегіне сүйене отырып, атқыш-мергенмен бірге Талғат Бигельдиновтің жау қоршауын бұзу сәті де әсерлі шыққан.

Тұсаукесер барысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұл фильмнің барша ардагерлерге деген құрмет екенін, олардың ерлік істері мәңгі ұмытылмайтынын атап өтті. 

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында: «Біз Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық қазақстандық батырлардың аты-жөндерін біліп, оларды құрметтеуге міндеттіміз. Бұл кейінгі жастардың борышы", - деп айтып кеткен.

Айта кетейік, Батыр туралы кинотуынды 9 мамыр күні сағат 13.10-да «Астана» және сағат 17.15-те «Хабар» телеарналарынан көрсетілетін болады. 

Жұрағат БАМАН