«Ақ жол» демократиялық партиясы республикалық штабының мүшелері партия төрағасы Дания Еспаеваның жетекшілігімен сайлаушылармен кездесу өткізіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды
Кездесу барысында спикерлер саяси бағдарламаның басымдықтарына кеңінен тоқталып, алдағы өзгерістердің маңызын атап өтті. Олар ұлттық мүддені қорғау мемлекет пен қоғамның дамуының басты тетігі екенін жеткізді.
Партия өкілдерінің айтуынша, бюрократия, жемқорлық пен монополияға қарсы ең тиімді құрал – шынайы демократия, биліктің есептілігі және заң үстемдігіне негізделген құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Сондай-ақ заңсыздыққа мүлде төзбеушілік қағидатын орнықтыру қажеттігі айтылды.
Әлеуметтік саясат бағытында партия сапалы білім мен медицинаны қолжетімді ету, тұрғын үймен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы кедейлікті толық жоюды мақсат етеді. Экономикалық бағдарламада шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық берілген. Партия өкілдерінің пікірінше, бұл әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Ал сыртқы саясат елдің ұлттық мүддесін прагматикалық тұрғыдан қорғау қағидатына негізделуі тиіс.
Кездесу соңында партия өкілдері «Ақ жолдың» азаматтармен ашық диалогты жалғастыратынын атап өтті. Олардың пікірінше, қоғам мен биліктің бірлескен іс-қимылы ғана әділетті, қуатты әрі өркендеген Қазақстанды құруға мүмкіндік береді.