Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Павлодар прокуратурасы бекіре балықтарын құжатсыз сатып алмауға кеңес берді

AstanaTV
16.05.2014ж. 20:00
999
Павлодар прокуратурасы бекіре балықтарын құжатсыз сатып алмауға кеңес берді

Керекулік мейрамханаларда заңсыз ауланған бекіре тұқымдас балықтан тағам әзірлеуге шектеу қойылмақ. Бұған браконьерлік деректерінің еселеп өскендігі себеп болып отыр. Тек былтырғы жылдың өзінде, облыстық прокуратура тыйым салынған балықтың 7 келісін тәркілеген. "Бірақ оның қара базардағы көлемі бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін",-дейді құзырлы орган өкілдері.

Балықшылардың айтуынша, Ертіс өзенінде бекіре тұқымдас балықтың екі түрі тіршілік етеді. Сүйрік және бекіре. Соңғы уақытта балықтың бұл түрлері азайған. Әйтсе де, қоғамдық тамақтандыру орындарында одан әзірленген тағамдар саны көбеймесе, кемімей тұр. Әсіресе, сүйрік - деликатес ретінде ұсынылады. Бұған қарап, құзырлы орган: «Балықтың заңсыз саудасы жүріп тұрғанын меңзеуге болады», - дейді.

Сондықтан, прокурорлар мейрамхана мен дәмхана қожайындарына бекіре тұқымдасын сатып алмас бұрын, тиісті құжатының бар-жоғын анықтауды ескертеді. Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша бекіре тұқамдас балықтарды өсіретін жалғыз арнаулы кәсіпорын бар. Алайда мекеме жүргізіліп жатқан жөндеуге байланысты әзірге жұмысын тоқтатқан.

Бақытжан Досанов, Павлодар облысының аға уәкілетті прокуроры:

Үкіметтің нөмірі 303-қаулысына сәйкес Зайсан-Ертіс бассейнінде бекіре тұқымдас балықтарды жыл бойы аулауға тыйым салынған. Сондықтан мейрамханалар басшыларын балықтың бұл түрін тиісті құжатсыз алуға болмайтынын ескертеміз. Егер заңсыз сатып алу дерегі әшкереленсе, құқық қорғау органдары міндетті түрде шара қолданады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ