Атыраулық
мұнайшылар да саяси додадан тыс қалмады. Түрлі кәсіпорындарда ауысыммен жұмыс
істейтін үш мыңнан астам мұнайшының дауыс беруіне жұмыс берушілер жағдай жасап,
тікұшақ, автобустармен қамтамасыз етті. Аймақтағы тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы
мұнайшылардың таңдау жасау сәтіне куә болып, сайлаудағы тұрғындардың белсенділігін бақылап көрді.
Базаргүл
Нәдірқызы, тілші:
Мұнайшылар
жергілікті уақытпен 9:30-да кен орнына
ең жақын орналасқан Жаңа Қаратон елді мекеніндегі № 104 сайлау учаскесіне
жеткізілді. Өндірісте 650 адамдай жұмыс істейді, солардың 350 ауысымдық
жұмыста. «Ембімұнайгаз» кәсіпорны өндіретін мұнайдың басым бөлігін беретін кен
орнында жұмыс қашан да қауырт. Алайда мемлекеттің болашағы үшін маңызды саяси
науқанға мұнайшылар да бір кісідей атсалысты.
Мұнайшылардың
алғашқы легі мұнда 5 автобуспен келді. Олар өз таңдауын жасаған соң түстен
кейін қалған әріптестерін алмастырды. Осылайша өндірісте жұмыс бір сәтке де
тоқтаған жоқ. Мұнай операторы Асланбек Елешев ұзақ жылдық тәжірибесінде,
бірнеше рет жұмыс арасында келіп дауыс бергенін айтты.
Асланбек
Елешев, мұнай операторы:
Осы
өндірісте 24 жылдан бері жасаймын. Сайлауға 5-6 рет қатыстым, жұмыста жүріп.
Балмаш
Жақсыбаева, «Жылыой мұнай газ» МГӨБ бас геологы:
Бұл
сайлаудың нәтижесі мұнайшылар үшін де маңызды деп есептеймін. Біздің жалпы
болашағымыз үшін, балаларымыз үшін.
Атырау
облысы бойынша 302 мыңнан астам сайлаушы бар. Оларға 234 сайлау учаскесі
ұйымдастырылған. Ал саяси науқанды бақылауға шетелдік 12 байқаушы келген.
Альберт
Хабибуллин, халықаралық байқаушы /ТМД/:
Сайлау
учаскесіне таңертең ерте келдік. Саяси науқан өткізуге дайындық ерекше екеніне
көзіміз жетті. Бюллетень салатын жәшіктерге мөр басылған. Біз күні бойы оннан
астам сайлау учаскесін аралаймыз.
Асау
Ибрашев, Атырау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
Қашаған
кен орнында жасайтын сайлаушыларға сайлауды өткізу үшін, тікұшақ ұйымдастырылып,
сайлау комиссия мүшелері тікұшақпен барып, тасымал жәшіктерді апарып, сайлау
жүргізілді.
Сайлау
комиссиясындағылар, бүгінгі саяси науқанға атыраулықтардың белсенділігі жоғары
екенін, айтып отыр. Ел аумағында сайлау учаскелері жабылғанымен, Атырауда дауыс
беру процесі әлі бір сағаттай жалғасады.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ