Жер
реформасы жөнінде құрылған комиссия мүшелері өз ойларын ортаға салды. Ұлттық
ғылым академисының президенті Мұрат Жұрынов кезінде Жерорта теңізі жағасын
инвесторларға жалға беру Түркияда туризмнің дамуына түрткі болған дейді. Оның айтуынша, 1983-1991 жылдары Түркияны басқарған Торғыт Өзәлі қонақ үйлер салу
үшін, Ақ теңіздің бойын 49 жылға дейін жалға берген. Тіпті бастапқы 10 жылға
тегін, қалған 39 жылға ақысы төленетін болған. Академик жерге қатысты құрылған
комиссия халықтың талап-тілегін ескеріп, кодексті толықтырады деп сенеді.
Мұрат
Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
Осы мына қабылданатын мораторийде
тұрған төрт тармақты жетілдіреді. Халықтың барлық пікірін, күдіктеніп отырған
жерлерін соған енгізіп, күдік туғызбайтындай етіп жасайды. Сөйтіп Президентке
ұсынады. Менің күтетінім осы.
Ал белгілі экономист әрі
экс-депутат Оразалы Сәбден құрылған комиссия жер мәселесін ғана емес, ауылдағы
проблемаларды түбегейлі шешу жолдарын ұсынуы тиіс деп есептейді. Ертең өтетін
комиссия отырысында осы тақырыпта баяндама да жасамақшы.
Оразалы Сәбден, ҚР ғалымдар одағының
президенті:
Ұлттық экономикамыз көтеріледі
екен, кризис болып жатыр ғой. Экономика көтерілмей, ештеңе болмайды. Экономиканы
көтеру жолдарын көрсету керек. Содан кейін барып ұлттық қауіпсіздік мәселесі
тұр. Міне, осындай түбегейлі мәселе шешілсе, халыққа жария етілсе, мен ойлап
отырмын дұрыс болады ғой деп.
Еске
салайық, жер реформасына қатысты комиссия жасақталған болатын. 75 адамнан
тұратын комиссия мүшелігіне шенеуніктер, аграрлық сала мамандары мен экономист,
политологтардан өзге, елдегі беделді азаматтар енген болатын. Комиссияның
алғашқы отырысы ертеңге жоспарланған.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ