Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылордадағы демалыс саябағы жұмысын тоқтатуы мүмкін

AstanaTV
13.05.2016ж. 20:00
3014
Қызылордадағы демалыс саябағы жұмысын тоқтатуы мүмкін

Қызылордадағы жалғыз демалыс саябағы жұмысын тоқтатуы мүмкін. Өйткені саябақ басшылығы ондағы жалға беру орындарының ақысын өсірген. Ал бұған саябақта түрлі аттракцион ашып, балмұздақ сатып жүрген кәсіпкерлер наразы. Олардың айтуларынша, энергия қуаты, суға, қоқысқа бөлек төлейтіндіктен, орынның жалға берілу құны тым қымбат. Әріптесім Шарипа Сақтапова саябақтың ашылмай жатып дауға айналғанына куә болды.

Үш баланын анасы, мүгедек Ақтолқын Жұбанова, жеті жыл бұрын саябақтан шағын ғана дәмхананы несие алып ашыпты. Алғашқы жылдары орынның жалға беру құны 30-40 мың теңге айналасында болғанын айтады. Ал, соңғы үш жылда оның құны едәуір өсті дейді. 

Ақтолқын Жұбанова:

Мен түсінем, егер бізге помещение салып берсе 120 мың арендаға төлеуге болады. Арендасын шығарамыз ба, алған затымыздын ақшасын саламыз ба. Былтыр 50 мың тенге  49 квадратқа шығарып берді, договор бар қолымда. Ал енді келіп 49 квадратқа 120 мың. 120 мың дегенді таппаймыз біз бұл жерден. Светке бөлек төлейміз, за мусор бөлек төлейміз. Былтыр қарызданып қалдым мен.

Дәл осындай уәжді саябақтағы онға жуық кәсіпкердің аузынан естідік. Олар 2013-ші жылы саябаққа жаңа басшы келгелі жыл сайын жаңа мәселе шығатынын айтады. Тіпті көбісін саябақтың шетіне мәжбүрлеп көшіріп жіберді де деп отыр.

Балым Әденова:

Мына жерде біздің дәмхана және әткеншектеріміз тұрған болатын. Парк директоры осы жерді ұнатып, барлығын өз туысқандарына таратып берді. Ал бізді  парк шетіндегі дәретхана жаққа ауыстырды. Ол жерге ешкім келмейді.

Любовь Ким:

300 шаршы метр жер үшін мен 100 мың теңге төлеп келдім. Ал енді жер көлемі азайып, 150 шаршы метрге 130 мың төлеуім керек. Біз жалға алып отырған тақыр жер үшін ондай қаражат төлей алмаймыз. Сондықтан жалгерлік ақысын төмендетуді талап етіп отырмыз. Біз де күн көрейік, жұмысшыларымызға да айлығын төлейік.

Мамыр бастала, қара суық түскенше қаладағы жалғыз демалыс саябағында тіршілік қызады. Мұнда балаларға арналған әткеншектер, түрлі аттракциондар, батут, попкорн, балмұздақ пен кәуап та бар. Кәсіпкерлер орынды жалға беру құнын қайта қарамаса кәсіптерін жабудан басқа амал қалғанын айтты. Ал, саябақ басшылығы болса өз әрекеттерінің заң тұрғысынан жасалып отырғанын алға тартты.

Мөлдір Тәуіпбаева, Қызылорда қалалық мәдениет және демалыс саябағының басшысы:

Мемлекеттік кәсіпкерлік объектісі болып табылғандықтан ол өзің-өзі қамтамасыз етуге жұмыс жасайды. Яғни, егер де біз арендалық төлемді түсіретін болсақ, бұл өзін қамтамасыз ете алмай қалады.

Саябақта кәсіп ашқандардың құқығын кәсіпкерлер палатасының мамандары қорғауға әзір. Бірақ мәселенің анық-қанығын зерттеуге біршама уақыт кететінін ескертті.

Дархан Мырзалиев,  Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары:

Елу пайызға төмендетуге сұрап отыр төлемақысын. Бұл сұрақты мамыр айының аяғына дейін жуық арада шешіп беруге тырысамыз. Нақты дұрыс жағына шығарып.

Дархан Мырзалиев, жалға беру құнын саябақ кәсіпкерлері сұраған 50 пайызға болмаса да, 20 пайызға төмендетуге қол жеткізуге болатынын айтып отыр. Бұған үміттенген кәсіпкерлер әзірге жұмыстарын жалғастырмақ. 

Шарипа САҚТАПОВА