$518.37 €609.97 ₽6.6
×

Солтүстік Қазақстанда бір жазғы лагерь биыл ашылмауы мүмкін

AstanaTV
13.05.2016ж. 20:00
2285
Солтүстік Қазақстанда бір жазғы лагерь биыл ашылмауы мүмкін

Солтүстік Қазақстандағы мемлекеттік жазғы лагерлер қазіргі талаптарға сай емес. Егер санитарлық жаңа ережелер орындалмаса, мүлде ашылмауы мүмкін. Бұл жайында біздің арна тілшілеріне Қызылжардағы тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілдері хабарлады. Ал лагерлердің жазғы маусымды ашуға дайындығы қалай? Тілшіміз Абзал Құрманкин бағамдап қайтты.

Сауықтыру лагерлерінде жұмыс қайнап жатыр. Жазғы маусымның ашылуына небары 3-4 апта ғана қалды. Осы азғантай уақыттың ішінде демалыс орындары өздеріне су мен жылуды өткізіп алуы керек. Ал «Аққайың» лагері коммуналдық жүйелерден бөлек жатын бөлімдерінің сыртқы келбетін дұрыстаумен әлек. Олар осындағы 4 корпустың барлығын да түрлі-түсті металлмен қаптамақ.

Тарихы жарты ғасырды қамтитын «Аққайың» лагері былтыр екі мыңнан астам бала қабылдаған. Демалыс орталығы биыл да сол межеге қол жеткізбек.

Болат Жанғожинов, «Планета туристік орталығы» ММ директоры:

Республикалық және жергілікті бюджеттен 30 миллионнан астам теңге бөлінді. Бұл қаражат ғимараттарды металлмен қаптауға, су құбырларын өткізуге, әжетхана мен жуыну бөлмелерін жаңартуға жұмсалады. Маусымның онына дейін бүкіл жұмыстар бітіп, лагердің есігі айқара ашылады деген ойдамыз.

Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті жазғы лагерлерге 200-ге жуық талап қойып отыр. Ал биылдан бастап ережелер тізімінде демалыс орындары орталықтандырылған су жүйесіне қосылу керек және жылу өткізуі тиіс. Талап орындалмаса лагерь ашуға рұқсат жоқ.  Былтыр ережелерді ескермеген 5 лагерь жабылған. 

Татьяна Горлова, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Егер де жазғы лагер орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаса, онда сол жерде ұңғыма орнату керек. Артынша сол судың сапасы тексеріледі. Біз тексерісті әлі бастаған жоқпыз. Бірақ бір айта кететіні, былтыр облысымыздағы бір де бір лагерь қазіргі стандарттарға сәйкес келмеді. Алайда, әлі уақыт бар. Барлық олқылықтар әлі де жойылуы мүмкін.

Жергілікті білім басқармасы жазғы лагерлерді жаңғырту үшін  3 жылдық жол картасын әзірледі. Жоба аясында биыл оларға 300 миллионнан астам теңге бөлініп отыр. Демек, балаларға арналған мемлекеттік тынығу мекемелері жазғы маусымға сақадай сай болады, дейді олар. Алайда, бір лагердің тағдыры әлі шешілмеген көрінеді.

Светлана Летучая, СҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Лагерлерде су ұңғымаларын орнату үшін Мамлют, Есіл, Жамбыл мен Қызылжар аудандарының жергілікті атқарушы органдары аудандық бюджеттерден қаржы бөлді. Бірақ Тимиряз ауданындағы лагерінде ұңғыма орната алмаймыз, себебі жер астында су жоқ. Ал құбыр тартуға 300 миллион теңге керек. Сондықтан, біз бұл балаларды көршілес жатқан аудандағы лагерлерге апарамыз.

Сөйтіп, жергілікті билік өкілдері өңірдегі 16 мемлекеттік лагердің 15-і уақытында ашылады, деп сендірді. Ал эпедемиолог мамандар, тексерісті мамырдың жиырмасында бастамақ. Сол кезде ғана қай лагердің балаларды күтетіні белгілі болмақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН