Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда 10 балалы ана жатақхананың бір бөлмесінде тұрып жатыр

AstanaTV
30.05.2014ж. 20:00
1900
Атырауда 10 балалы ана жатақхананың бір бөлмесінде тұрып жатыр

Атырауда бүтін бір отбасы Халықаралық балаларды қорғау күнін асыға күтіп жүр. Олар осы күні бірінші рет циркті тамашалайды. Мұндай ерекше сыйды балаларға қолы ашық жомарт азамат жасады. Ай сайынғы азғана табыс шиеттей бала-шағаның ас-суы мен киім-кешегінен артылмайды. Өтеғалиевтар отбасының жалғыз арманы - баспаналы болу. 10 баламен жатақхана бөлмесін паналап жүрген әулеттің өмірімен Базаргүл Нәдірқызы танысып қайтты.

15 шаршы метр. Он бала мен олардың ата-анасы осында ұйықтап, ас ішеді, сабаққа дайындалады. Жатақхананың тар бөлмесі 10 жылдан бергі баспаналарына айналған. Отбасы бюджеті тым шағын. Азық-түлік пен киімге бірде жетсе, бірде жетпейді. Қысқа жіп күрмеуге келмегесін, балалардың қыдырып көңіл көтеруіне де мүмкіндік бола бермейді, - деді батыр ана.

Жанаргүл Нұрымбетова, көп балалы ана:

Математикадан құрттай тартыңыз дейді. Өзім оқытам ғой үйден. Бірақ математика ақылы, сондықтан қосымшаға бере алмаймын сол себептен. Айтады маған, мені осындайға берсейші деп мысалы, өзім де бергім келеді. Бірақ, түсінеді құдайға шүкір балдарым. Барымша мектепте жаңа жыл шыршасына да, киіндіріп апарам, ешкімнен кем қалдырғым келмейді балдарымды.

Араларын бір жас қана бөліп тұрған Алтынай мен Дильназ екінші сыныпты аяқтады. Олар мектеп жанындағы маусымдық лагерьдің ашылу салтанатында ән айтуға дайындалып жүр. Ал 13 жасар Райгүл би үйірмесіне қатыспаса да, сыныптың бірде-бір шарасынан қалған емес.

Райгүл Өтеғалиева:

Биге де дайындаламын, інілеріме де қамқор боламын. Інілерім шуласа да сабаққа жақсы дайындаламын. Көп бала болған өте жақсы, ойнаймыз.

Жеті қыз, үш ұлдың үлкені биыл 9-сыныпты аяқтады. Ал кенжесі - Жансұлтан екі жасқа да толған жоқ. Екі жылдай үйде отырып қалған отағасының жұмыс тапқанына 1 ай да болмапты. Баспана алу үшін ақша жинауға мүмкіндік жоқ. Ал пәтер кезегіне 2012-ші жылы ғана тұрған. Демографияны қолдаған елде батыр ана үшін сандық түбіндегі «Алтын алқаның» да көмегі болмай тұр.

Жанаргүл Нұрымбетова, көп балалы ана:

Үйдің кезегінде 3270-ші адам болып тұрдым, қазір уақытта 2600 болып жылжыпты. «Алтын алқалы» ретінде көмек бере ала деп барғанымда, біз ештеңе істей алмаймыз, тек кезек бойынша белгіленеді, - деді.

Отбасының пәтер кезегіне кеш тұруының өзіндік себебі бар. Әркімнің үйін жалдап жүргендіктен балаларды тіркей алмапты. Соның кесірінен үкіметтен берілетін жәрдемақыдан да қағылған. Тек жыл басынан бері әлеуметтік қолдауға қол жеткізген.

Нұрлы Қабиева, Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

Бұрыннан өзі арызданып, шағымданып жүрмеген отбасы. Біз ол жағдайды білген жоқпыз. Өзінің сұраған уақытынан үкіметтің тиесілі көмек, демеушілік көмекпен қамтылып отыр. Басты баспана керек шығар. Оған да 2012 жылы ғана арызданған. Кезектен тыс алу құқығы жоқ.

Балалар биыл алғашқы рет мерекені асыға күтіп жүр. Жомарт жан қайырымдылық көрсетіп циркке билет сыйлаған. Әзірге мектеп жанындағы лагерьден басқа демалыс орнына жолдама жоқ. Сондықтан, базарлы отбасы жазғы демалысын өз ауласында өткізбек.

Базаргүл ІЗІМОВА