Алматыда
«Юбилейный» әмбебап дүкені маңындағы өртеніп кеткен пәтерлердің иелері
сақтандыру төлемдерін алмайтын болды. Себебі көпқабатты үйдегі өрттен зардап
шеккен 26 пәтердің бір де біреуі еш жерде сақтандырылмаған. Бұл туралы «Еуразия»
сақтандыру компаниясының өкілі айтты.
Компанияның атқарушы директоры Шәкір
Иминовтың сөзінше, 7 қабатты үйде орналасқан баспаналардың тұрғындарымен
кездесіп, сақтандыруға қатысты түсініктеме жүргізген. Алайда кәсіпкерлер де,
мемлекет есебінен жөнделіп жатқан пәтерлердің иелері де сақтандыру төлемдеріне
қызығушылық танытпапты. Компания өкілі, егер баспаналар сақтандырылған жағдайда, әрқайсысына қомақты мөлшерде сақтандыру төлемдері берілер еді, дейді.
Шәкір
Иминов, «Еуразия» сақтандыру компаниясының атқарушы директоры:
Жанында мейрамхана және де өзге мекемелер қосарланып салынған үйдің тұрғындары
мүлікті сақтандыруды мықтап ойланғаны жөн. Орасан шығынға батпас үшін, сақтандырудың маңыздылығын түсінетін уақыт жетті. Сақтандыру сомасынан 0,32
пайыз базалық тариф ретінде жүргізілсе, біздің есебімізше, осы өртенген
пәтерлердің әрқайсысы 2 млн мен 5 млн теңге аралығында сақтандыру төлемдерін
алар еді.
Александра
Коморова, Алматы қаласы ПИК үй басқарушысы:
Өкінішке
орай, бұл жерде ешкім сақтандыру мәселесіне бас қатырмаған. Енді пәтер иелері
дүкен қожайындарынан ыдыс-аяқтарына дейін төлеп беруді талап етіп жатыр. Қазір
жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Терезелерді қойып бітті. Электр
энергиясын таратуды қалпына келтіріп жатыр. Пәтерлерде ешкім жоқ. Барлығы туыстарының үйінде. Енді екі аптаның ішінде
аяқталады деп үміттеніп отырмыз.
Айта
кетейік, 10 мамырда Алматыдағы «Юбилейный» кешенінің қасындағы дәмханалардың
бірінен өрт шығып, бірнеше баспана зардап шеккен болатын. Үйдің қасбеті мен
пәтерлерді қосқанда, аумағы 1100 шаршы метр жерді жалын шарпыған
еді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ