Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Шахтинск тұрғындары жылу бағасын 3 есе қымбаттатқан облыстық әкімдікті сотқа берді

AstanaTV
17.05.2016ж. 20:00
1690
Шахтинск тұрғындары жылу бағасын 3 есе қымбаттатқан облыстық әкімдікті сотқа берді

Қарағанды облысының Шахтинск тұрғындары жылудың бағасын бірден 3 есеге қымбаттатып жіберген Қарағанды облыстық әкімдігін сотқа берді. Жеке секторда тұратын отбасылар баспананың 1 шаршы метріне жылу үшін 80 теңге төлеп келсе, енді 225 теңге беруі тиіс. Бұл шешім жеке есептегіш құрал орнатпаған 350 үйге қатысты шығарылған. Күтпеген жерден қалталарына салмақ түскен бұрынғы кеншілер мен зейнеткерлер өз құқықтарын сотта қорғауға бекініп отыр. Даулы мәселенің анық-қанығын тілшіміз Айжан Қуаш біліп қайтты.

Дешевый должен быть уголь для людей, которые 40 лет добывали уголь на шахте.

Бұрынғы кеншілер жылу құнының бірден 3 есеге қымбаттағанына осылай наразылық білдіруде. Шахтинск қаласындағы жеке секторда тұратын 350 үйдің тең жартысында зейнеткерлер қоныстанған. Ұзақ жылдар бойы пеш жағып келген тұрғындар осыдан бірнеше жыл бұрын өз қалталарынан ақша шығарып, орталық жылу жүйесіне қосылған. Жұртпен бірге жылу үшін 1 шаршы метрге 80 теңгеден төлей бастап еді. Бірақ жергілікті билік жылу ақысын қаңтар айынан бастап күрт қымбаттатып жіберген.

Венера Зарипова, Шахтинск қаласының тұрғыны:

Қарағанды облыстық әкімдігін сотқа беруге мәжбүр болдық. Жергілікті монополист жылу мөлшерін, яғни гегакалорийді сыртқы ауа температурасына сәйкес дұрыс есептемеген. Қазан айынан сәуірдің аяғына дейін далада 32 градус суық деп көрсетіп, соған сәйкес құнын белгілеп отыр. Үнемі ондай суық болған жоқ. Бұл ұсынысқа қол қойып, бекіткен облыс әкімдігінің әрекеті де заңсыз.

Сот процесінің қашан басталатыны белгісіз. Тұрғындар әдетте халықты энергия үнемдеуге шақыратын монополистердің  өздері жылуды текке шығындап жатқанын сотта дәлелдеп шығуға құлшынып отыр. Бұған қатысты нақты айғақтарымыз да жеткілікті дейді.

Айжан Қуаш, тілші:

Жылу беруші «Шахтинсктеплоэнерго» серіктестігі бүгінде қыруар шығынға батқан. Құбырларының 80 пайызы әбден тозып кеткен. Салдарынан жылу далаға далаға кетіп жатыр. Сондықтан тарифтерді қымбаттату осы шығындардың орнын толтырудың бір амалы болса керек.

Мадияр Алдыбаев, «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС директоры:

Бүкіл қала тұтынған жалпы жылу мөлшерінен есептегіш құралдар орнатқан көпқабатты үйлер тұтынған жылу мөлшерін алып тастадық. Қалғаны осы жеке секторға кетті деген сөз. Яғни бұл қайта есептеулерден кейін белгіленген норма.

Ал Қарағанды облыстық әкімдігінің өкілдері мәселе биыл қаңтарда шыққан жаңа ережеге байланысты туындады деп отыр. Сөздеріне сенсек, енді есептегіш құралдары жоқ үйлердегі тұрғындарға жылу мөлшерін және соған сәйкес құнын да әкімдік бекітетін болған.

Ұлантай Үсенов, Қарағанды облыстық коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

Совет одағы уақытында елді мекендерде температуралық режим 18 градус болса, қазір әр үйде 21 градустан жоғары. Ал жылу маусымы 180 күн болса, қазір 220-225 күнге ұзарған. Сондықтан осы норма есептегіш құралы жоқ үйлерге есептеліп, негізделген.

Қарағанды облысында Шахтинскден басқа, Балқаш, Жезқазған, Сарышаған қалалары мен Шашубай кентінде де жылу бағасы қымбаттаған. Бұл елді мекен тұрғындары да қазір жаңа көрсеткішке қатысты жаппай наразылық білдіруде. Билік өкілдері мен тұрғындар арасындағы дауды сот қана шешеді.

Айжан ҚУАШ