Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қызылжарлық кәсіпкер былғарыдан 70 түрлі аяқ киім тігеді

AstanaTV
19.05.2016ж. 20:00
3201
Қызылжарлық кәсіпкер былғарыдан 70 түрлі аяқ киім тігеді

Қызылжарлық кәсіпкер аяқ киім өндірісін дамытып келеді. Отандық өнімге деген сұраныстың жоғары екенін байқаған жергілікті азамат өндірісті ұлғайтуға ден қойған. 3 жыл бұрын несие алған ол, жаңа ғимарат та тұрғызып алыпты. Әріптесім Абзал Құрманкин ісін дөнгелетіп отырған аяқ киім шеберімен тілдесіп, табыстың сырына үңіліп көрген еді.

Виктор Петросян аяқ киім тігуді жастайынан меңгерген. 2008 жылы жеке кәсібін ашқан азаматтың аяқ киім өндірісі мына жерден бастау алады. Өнімнің дизайнын өзі ойлап табады. Ғаламтордың да көмегі мол,- дейді. Кәсіпкердің басты қағидасы - аяқ киім жылы әрі  ыңғайлы болу керек.

Виктор Петросян, аяқ киім цехының иесі:

Аяқ киімнің моделі осындай картон қағазға сызылады. Ұзындығы, ені, сыртқы суретін осында сызамыз. Болашақ аяқ киімнің бөлшектері осы сызбадан алынып, дайындалады.

Өнімнің дизайны дайын болғасын, сызба өндіріс цехына тапсырылады.  - Константин жаңа дизайн дайын. Бір аяқ киімді жасауға 4 күндей уақыт қажет екен. Күніне мұнда жиырмаға жуық дана шығарылады. Барлығы таза былғарыдан жасалады. Кәсіпорын соңғы сән үлгісінен де қалыспауға тырысады. Мәселен, мына слипон атты аяқ киімді қазір бүкіл Еуропа киіп жүр екен.

Бұл өнімнің сапасына оң ықпал етеді, дейді олар. Кәсіпорын өңделген былғарыны шетелден сатып алуға мәжбүр. Себебі қазақстандық шикізат өңдірушілері тым алыс орналасқан.

Лариса Скугарева, кәсіпорын жұмысшысы:

Біз былғарыны кесіп, өңдеп, негізгі цехқа дайындап береміз. Синтетика мүлдем қосылмайды. Демек, адамның аяғы терлемейді. Күтіп кисе, біраз жылға жарайды.

Виктор Петросянның аяқ киім бизнесін таңдауы кездейсоқ емес. Өнімнің бұл түрі үнемі сұраныста, дейді ол. Цехта жетпіске жуық аяқ киім түрі шығарылады. Қазір өндіріс әлеуетін арттыру жоспарланып отыр. Дағдарысқа қарамастан, тауардың өтімділігі зор. 

Виктор Петросян, аяқ киім цехының иесі:

Бұрын ғимаратты жалға алатынбыз. 2013 жылы 6,5 миллион теңге несие алып, оған жаңа нысан сатып алдық. Банк қойған 14 пайыздық мөлшерлеменің тең жартысын даму қоры төлеп отыр. Өндірістің басты мәселесі - тауарды сату мен кәсіби мамандар іздеу. Біз бұл проблемаларды шешкен сияқтымыз.

Шағын кәсіпорын иесі цех маңынан арнайы дүкен ашқан. Брендке айналған Петросян аяқ киімі әзірге тек Петропавлда ғана сатылып жатыр. Кәсіпкердің ендігі арманы бүкіл Қазақстанның нарығын жаулап алу.

Абзал ҚҰРМАНКИН