$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Балалар арасындағы инфекция Үкімет отырысы қорытындысы бойынша брифингте де айтылды

AstanaTV
07.10.2014ж. 20:00
1609
Балалар арасындағы инфекция Үкімет отырысы қорытындысы бойынша брифингте де айтылды

Дәл осы мәселеге қатысты бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Әлиасқар Мәтішев түсініктеме беріп, инфекция ошақтары мен жұғу жолдарының нақты себептері анықталмағанын мәлімдеді. Айтуынша, індеттің таралу жолдары әртүрлі. Сондай-ақ ол  менингококкты инфекциядан сақтанудың қарапайым тәсілдерімен бөлісті.

Әлиасқар Мәтішев, ҚР ҰЭМ Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасы:

Инфекцияны жұқтырудың ондаған жолы бар. Егер де жалғыз не екі себебі болса, айтар едік. Басты кеңес - денсаулықты күту, және ата-аналар балаларының қайда жүргенін, не істеп жүргенін бақылауы керек. Бұл жұқпаның әсіресе балалардың өтпелі кезеңінде қаупі жоғары.

Әлиасқар Мәтішев сондай-ақ елімізде тамақтан улану қауіпінің жоғары екендігін атап өтті. Жаппай тамақтандыру орталықтарында тиісті шаралар көбіне сақтала бермейді. Бұл әсіресе білім беру мекемелеріндегі жеке кәсіпкерлер қолына өткен асханаларға қатысты. Ал мұндай асханаларды  тексеруге қол қысқа.

Әлиасқар Мәтішев, ҚР ҰЭМ Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасы:  

Жағдай мәз емес. Мораторий тәртібін қатаң ұстанатынымызды сіздер білесіздер. Кейбір кәсіпкерлер шағын бизнеске жасалған жағдайды кері  пайдаланады. Ең сорақысы - балалар тамақтанатын орталықтардағы бассыздық. Мектептерде тамақтандыру тендер арқылы жеке кәсіпкерлердің қолына берілді. Ал олар заңға сәйкес 3 жыл көлемінде кез-келген тексерістен босатылды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ