Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жамбыл жұрты енді қырғыздардан су сұрап, алақан жаймайды

AstanaTV
10.10.2014ж. 20:00
1103
Жамбыл жұрты енді қырғыздардан су сұрап, алақан жаймайды

Жамбыл жұрты енді қырғыздардан су сұрап, алақан жаймайды. «Суға деген тәуелділіктен біржола құтылатын болдық» деген мәлімдемені бүгін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жасады. Айта кетейік, аймақ судың 80 пайыздайын Қырғызстаннан алып келді. Шаруаларға батқан осы мәселені шешу үшін, қосымша 9  су қоймасын салып, қолда бар қоймалардағы суды көбейту көзделген.

Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысы әкімі:

Үкімет алдына үлкен мәселе қойып отырмыз. 3 су қоймасы, бұл Қақпатас деген су қоймасы, 10 млн су жиналады, соны 20 млн жеткізсек деп отырмыз. Екінші Қарақоңызда 8 млнан 16 млнға дейін суды жинаймыз деп отырмыз. Меркеде Аспара деген бар, соны 50-70 млн суға жеткізіп алсақ. Қырғыздан су азайып қалса, өзіміздің суды береміз деп отырмыз. Бұл жоба 2015-2016 жылға қарай қарастырылып отыр.

Өңірде зауыттар мен түрлі кәсіпорындар қарқынды дамып  жатыр. Тек Тараз химиялық паркі арнайы экономикалық аймағында 16 химиялық өндіріс жұмыс істейді.  Ұзамай «Еурохимтыңайтқыштар» кәсіпорны да іске қосылмақ. Зауыттарды қаптатып жатқанын мақтанышпен жеткізген аймақ басшысы олардың экологияға тигізетін зардабы туралы тіс жармады. «Жабық қала» атануы мүмкін деп халқы дүрліккен Жаңатас, Қаратау шаһарларынан жұрттың көшіп жатқанын да жоққа шығарды.

Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысы әкімі:

Жаңатас, Қаратау қалалары осыдан 20 жыл бұрын аты шулы болған. Бұл моноқалалар. Бұлардан көшкені рас. Ол сол жылдары. Қазір сол қалаларға ел қайтып келіп жатыр. Сол заводтарды соғу үшін, сол жерде инвесторлар халықты жинап, халықтың келісімін алып Жаңатас қаласынан 25-30 шақырым жерде завод орналастырған.

Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген аймақ басшысының баяндамасынан өңірде ешқандай проблеманың жоғын байқадық. Тіпті бензин тапшылығы да Жамбылды айналып өткендей. Барлық сұрақтар бойынша әкім мырза шешіп жатырмыз деген жауап қайырды. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ 

Алдыңғы жаңалық