Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қорғалжын аумағында мекендейтін шаян түрін браконьерлер жаппай аулап жатыр

AstanaTV
20.10.2014ж. 20:00
2231
Қорғалжын аумағында мекендейтін шаян түрін браконьерлер жаппай аулап жатыр

ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Қорғалжын табиғи қорығында браконьерлер қызғылт қоқиқаздың, өзге де құстар мен балықтың қорегі - Салина артемиінің уылдырығын жаппай жинап жатыр. Ерекше қорғалатын аймақтағы көлдерді мекендейтін шаянның осы түрі ақуызға өте бай, құс, балық шаруашылығында биоқоспа ретінде кеңінен қолданылады. Алайда соңғы жылдары көршілес Қытайда құнды шаянның уылдырығы медицинада таптырмас шикізат деп танылған. Ал қаскөйлер қорықшылардың ескертпелерін елемей, артемий циститін тонналап тасуда. Инспекторлардың браконьерлерге қарсы операциясына біздің тілшілеріміз де қатысты. Жай ғана қатысып қоймай, 50 қаптан астам цистит жинаған топты құрықтаудың куәгері болды. Азамат Алдоңғаровтың репортажында.

Қызғылт қоқиқазы мен өзге де сирек кездесетін жан-жануарымен әлемге әйгілі Қорғалжын ауылы Астанадан 130 шықырым жерде. Ал Теңіз көлі аудан орталығынан тағы 150 шақырым қашықтықта. Ойлы-шұңқыр ұзақ жол кез-келген сабырлы саяхатшының мазасын кетіреді. Тек Теңізден теңге ілуді көздеген браконьерге бұл жолдың ауыртпалығы түк емес. Ерекше қорғалатын табиғи қорық аумағында аң аулау түгілі, рұқсатсыз аяқ басудың өзі заң бұзушылық саналады. Алайда, бұл заңды елеп жатқандар шамалы тәрізді. «Жоқ іздеп жүрміз» деген сылтаумен дала кезгендер санында есеп жоқ. Жол бойы кезіккен көліктердің көпшілігінің мемлекеттік нөмірлері шешулі. Бізді арнайы операцияға қатысуға ерткен табиғи инспекторлар көп көлікке мінгескендер жоғалған мал емес,  Теңіз көліндегі Салина артемиінің  уылдырығын іздеп келгендігін айтады.

Жол-жөнекей тексерілген көліктердің біразы бос болып шықты. Бірақ қорықшылар бұлар тек тыңшылар дейді. Міне, тексеріске тоқтатылған кезекті нөмірсіз көлік қаша жөнелді. Әрі қайрай оқиға желісі экшн жанрындағы фильм сценариіндей өрбиді.

Ойқастай қашқан браконьерлер көліктегі жүкті жол бойында шашып, құтылып бағуда.  Ен даланы бес саусағындай білетін олар жеткізер емес. 15 шақырымдай қуып, көлігіміз бірнеше рет аударыла жаздап, әйтеуір жеттік. Қашқындардың өздері де аударыла жаздаған соң барып тоқтады.

Болат Балмағамбетов, «Қорғалжын» табиғи қорығы күзет бөлімінің бастығы:

Жанағы өздеріңіз көргендей, жағдай бізде әрбір ұсталғанда болып тұрады. Бұдан да сорақысы болады. Сондықтан бұл бізге жаңалық емес. Бірінші рет барып едік, бәрі бірінші рет бардық деп айтады. Сондықтан заңды түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Сырт көзге қарапайым құмнан ештеңесімен ерекшеленбейді. Бірақ мамандардың айтуынша, мұның барлығы - Салина артемийлерінің тұқымы, уылдырығы. Қара нарықта мұның келісі 6 мың теңгеге саудаланатын көрінеді.

Кей ақпарат бойынша, заңсыз ауланған уылдырықты браконьерлер Қытайға саудалайды. «Жұмыртқадан жүн қырыққандар» артемий тұқымынан жасартатын косметикалық крем, белсіздіктен емдейтін дәрі жасайтын көрінеді.

Берік Рыспаев, «Қорғалжын» табиғи қорығының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің бастығы:

Сыртқа шығарып, көзі сықси қытайларға жұмыс істеп жатқанмен бірдей ғой. Солардың ақшасына қызығып, солардың құлы болды деп санауға болады. Ар-намысы бар азаматтар болса, тоқтау керек қой. Қайта өз жерін сақтап, біздің жеріміз, сендердің шаруаларың болмасын, деудің орнына, тым болмаса, өзің өндір, өзің жаса жаңағы дәрілерді қытайдың жасайтын, өз еліңді емде, сол кезде ғана қызметің таза деп айтуға болады.

«Аталмыш шаянның жаппай аулануының салдары үлкен экологиялық проблемаға алып келеді», - дейді мамандар. Жәндіктердің азаюы тікелей Теңізді мекен еткен құстың да азаюымен тынады. Ал ол құстарды арасында қызыл кітапқа енгендері қаншама. Табиғатты тонаған қарақшыларды күн ұзаққа торып, түн ортасында ақыры олжалы болдық. 12 адамнан тұратын топ 50 қап уылдырық жинап, жүк көлікке тиейін деп жатқан жерінен ұсталды.

-Үлкен азаматсыз ғой, ел басқарып жүрсіз ғой, сізде. - Менде намыс бар. Қаншама інілер жүр осыны тасып сатып. 100 жыл бойы осы құртсыз-ақ күн көргенбіз, сайгакты құрттық, енді қоқиқазды құртайық. Намыс деген болу керек қазақта.

Құрықталған қаскерлер кінәларын мойындағысы жоқ, тіпті «қазақ десек, өзімізге тиеді» деп инспекторларды айыптайды. Бүгіліп жағадан цистит тергендер кәсібі табиғатқа залал келтіретінін ойлап жатқан жоқ. Уылдырық жинау науқаны басталған тамыз айынан бері осы қылмыс бойынша 20 іс қозғалыпты. Бірақ әлі де бірде-бір азамат жазаға тартылмаған.

Тергеушілер Алматыдан зертхана қортындысын күтіп отырған көрінеді. Ал қорытынды келгенше, тағы бір топ адамға ешқайда шықпау жөнінде хаттама толтырылып, браконьерлер бостандыққа жіберіледі. Ескі әдетіне салмасына тағы кепіл жоқ. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ