Қызылжарда «Сегіз сері» атындағы
алғашқы республикалық халық аспаптар оркестрі мен ансамбльдерінің фестивалі
өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 8
өнер ұжымы қатысты. 400 жуық адам Сегіз серінің туындыларын орындауда бақ
сынады.
Байқауда өнер дүлділінің «Гауһар тас»,
«Дәйдидау», «Әйкен-ай» сынды белгілі әндері шырқалды. Фестивальдің екінші
күнінде көрермен назарына гала-концерт ұсынылып, соңында әрбір өнер ұжымы бағалы
сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, шараға Сегіз серінің
аты берілгені кездейсоқ емес. Атақты сал-сері
Қызылжар өңірінің тумасы. Шын аты - Мұхаммед Қанафия. Әнге құмар азамат жас
кезінен дарындылығымен көзге түсіп, артынан халық оны «Сегіз сері» атап кеткен.
Қайырлы Ғафуров, Солтүстік Қазақстан облысы филармониясы «Сегіз сері» атындағы оркестрінің көркемдік жетекшісі:
Оркестрге осыдан екі жыл бұрын бабамыздың аты берілген болатын. Сол кісінің өнерін, жалпы қазақ мәдениетін насихаттап, жұртшылыққа таныстыру ретінде ойға алған дүниеде бүгінгі таңда осы біздің облыстық әкімшіліктің және мәдениет басқармасының қолдауымен бүгін осы үлкен мәдени іс-шара өткізіліп отыр. Болашақта екі жылда бір рет осы фестивальді өткізіп, болашақта тек қана республикалық емес, халықаралық болып, сосын конкурстық деңгейге жетсе екен деген ойымыз бар.
Абзал ҚҰРМАНКИН