Қазақстан Президентіне берілген
«Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығы - біздің еліміз үшін ерекше
мәртебе. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры,
Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов осылай дейді.
Айта кетейік, кеше Дубайда өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда Қазақстан
2014 жылы исламдық қаржыландыру ең қарқынды дамыған ел деп танылып, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Исламдық
қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығы табысталды. Бұл марапат исламдық қаржы
нарығын аймақтық және халықаралық дәрежеде дамыту мен жетілдіруде жеткен
жетістіктер үшін беріліп отыр.
Төлеутай Сүлейменов, ҚР
Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры:
Бұл - еліміз үшін үлкен
мәртебе. Президентіміз Ислам әлемінен осындай үлкен сыйлықты алғаш рет алып
отыр. Бұл сыйлыққа біздің Мемлекет
басшысын лайық деп тануы бекер емес. Өйткені тәуелсіздік алған жылдары, әсіресе
біздің еліміз Ислам конференциясы ұйымына енген 1995 жылдан бастап, Нұрсұлтан
Назарбаев Ислам қозғалысының дамуына, сондай-ақ Қазақстанның аталған ұйыммен
тығыз байланыс орнатуына өлшеусіз үлес қосты.
Ал Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов: «Бұл
марапат - барша мұсылманның Нұрсұлтан Назарбаевты ислам әлемінің көшбасшысы деп мойындауының
нышаны», - дейді.
Розақұл Халмұрадов, ҚР
Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл Қазақстанға, сіз бен бізге,
берілген ортақ сыйлық деп қабылдауымыз керек. Біздің мәңгілік ел екенімізді
мойындағаны деп қабылдауымыз керек.
Анатолий Башмаков, ҚР
Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл сыйлықты табыстағанда тек
елдегі даму мен экономика ғана емес, азаматтық қоғам қалыптастыру деңгейі,
білім, басқа да салалар ескеріледі. Біздің көшбасшымызға мұндай марапат беруі -
ең алдымен Қазақстандағы қарқынды дамуды мойындау. Қиын жылдары еліміз тек
экономикадағы жетістікке жетіп қана қойған жоқ. Қиындықтарға да қарсы тұра алды.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ