Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қостанайда әуесқой ұшқыштар жеңіл әуе авиациясын дамытуды көздеп отыр

AstanaTV
03.11.2014ж. 20:00
1417
Қостанайда әуесқой ұшқыштар жеңіл әуе авиациясын дамытуды көздеп отыр

Қостанайлық әуесқой ұшқыштар жеңіл әуе авиациясын дамытуды көздеп отыр. Облыста тұңғыш рет жеңіл әуе кемесін тізгіндеушілер арасында арнайы шара ұйымдастырылды. Ресейдің Қорған облысынан келген спортшылар мен аймақтағы әуесқой ұшқыштар параплан спорты бойынша тәжірибе алмасты. Қос мемлекеттің онға жуық өкілі көкке көтеріліп, шеберліктерін көрсетті.

Қостанайлық Сергей Пушкарев байланыс саласының қызметкері. Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған ол көзінің сырқатына байланысты әуе авиациясы мамандығын игере алмаған. Параплан спортының арқасында арманына жеткен жігіт ұшу аппаратын тізгіндеп, зеңгір көкті шарлады.

Сергей Пушкарев, әуесқой ұшқыш:

Әуе авиациясына деген құштарлығым басым. Көзімнің нашар көруіне байланысты ұшқыш бола алмадым. Енді міне парапланмен көкке көтерілу сүйікті ісіме айналды. Бірақ мұндағы талап әскери-әуе авиациясына қарағанда басқаша.

Мамандардың айтуынша, парапланның құрылымы өте жеңіл және қауіпсіз ұшу аппараты болып саналады. Құны да қымбат емес. 1 жарым миллион теңге шамасында. Парапланмен ұшу спорты бүгінде Алматыда қарқынды дамыған. «Ендігі мақсат - еліміздің өзге өңірлерінде кеңінен насихаттап, жастарды осы спорт түріне баулу», - дейді федерация өкілдері. 


Амангелді Қожахметов, Қостанай облысы бойынша аса жеңіл әуе авиациясы федерациясының төрағасы:

Спорттың бұл түрі өте қызықты. Денсаулық, қайрат пен көркемдіктің бәрін көкке самғау арқылы аласың. Енді осы спортқа жастарды көбірек тартуды көздеп отырмыз. Осы мақсатта алғаш рет слет ұйымдастырдық. Игі шараға ресейлік спортшылар, әуесқой ұшқыштар қолдау көрсетті.

Аса жеңіл әуе авиациясы Ресейдің Қорған облысында жолға қойылған. Аталған өңірден келген меймандардың айтуынша, онда елуден астам әуесқой ұшқыш үнемі көкке көтеріліп, шеберліктерін шыңдайды. Сондай-ақ парапланның мүмкіншілігін арттырып, төтенше жағдайлар мен қоршаған ортаны қорғау салаларында қолданысқа енгізу жоспары бар.

Олег Соловьев, РФ, Қорған облысы бойынша «Аса жеңіл әуе авиациясы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы:

Біріншіден, бұл ұшу аппараты өте қауіпсіз. Екіншіден, оның тиімді тұстары мол. Мәселен, құтқару жұмыстарына қолдануға өте қолайлы. Әлеуметтік маңызы бар проблемаларды шешу үшін пайдалануға да болады. 

Қазір Қостанай облысында параплан және дельтаплан спортының федерациясы бар. Егер билік тарапынан қолдау болып, кәсіпкерлер қаржылай демеу көрсетсе, бұл спорт түрінің көкжиегі кеңейіп, көпшілікке қолжетімді болар еді. «Арнайы үйірмелер ашып, оқу-жаттығулар өткізер едік», - дейді федерация өкілдері. 


Заңғар САНАЙ