Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Маңғыстау облысындағы жол апатынан 30 жастағы шекарашы жігіт пен алты жасар бала қаза тапты

AstanaTV
03.11.2014ж. 20:00
1335
Маңғыстау облысындағы жол апатынан 30 жастағы шекарашы жігіт пен алты жасар бала қаза тапты

Маңғыстау облысында болған жол апатынан 30 жастағы шекарашы жігіт пен алты жасар бала қаза тапты. Қайғылы оқиға Бейнеу ауылының маңында орын алған. Облыстық ішкі істер департаменті келтірген деректерге сай, 28 жастағы «Камаз» жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «Уаз» көлігіне соқтығысады. Оның ішінде әскери бөлімнің шекарашылары мен олардың балалары отырған. Барлығы алты адам.

Ауыр жарақаттан 30 жастағы жігіт пен 6 жасар бүлдіршін жансақтау бөлімінде көз жұмды. Ал «Уаз» көлігінде  болған басқа да жолаушылар түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Апатқа кінәлі «Камаз» жүргізушісі дін аман. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Медет Жиғанғалиев, Маңғыстау облыстық ауруханасы жедел-жәрдем қызметінің жетекшісі:

Тағы бір ер адам мен бір баланы облыстық ауруханаға жеткіздік. Қазір жағдайлары қалыпты. Ішінен жараланған жолаушы хирургия бөлімінде, екіншісі жансақтау бөлімінде. Оның жамбас сүйегіне ота жасалады. Оларға еш қауіп төніп тұрған жоқ деп ойлаймын.  

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ