Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккейден Хорватияның «Медвешчак» клубын жеңді

AstanaTV
06.11.2014ж. 20:00
1114
Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккейден Хорватияның «Медвешчак» клубын жеңді

Елордалық «Барыс» командасы тағы да үздік шықты. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Загреб қаласының «Медвешчак» клубын қабылдаған Андрей Назаровтың шәкірттері ірі есеппен жеңіске жетті.

Бұған дейін «Лада» және «Нефтехимик» командаларын жеңген «Барыс» командасы бұл жолы Хорватияның «Медвешчак» клубының алдын орап кетті. Кездесу басынан қонақтар қақпасына лап берген айдын иелері 2-0 есебімен алға шықты. Алдымен, Кевин Далмэн есеп ашса, артынан жеке шеберлігімен көзге түскен Константин Пушкарев жанкүйерлер қошеметіне бөленді.

Қарымта шабуылға шыққан Загреб қаласының хоккейшілері бір шайбамен жауап берді. Бұл сәтте Натан Перкович мергендігімен танылды.

Бірақ қонақтардың қуанышы көпке созылмады. Бірден жылдам шабуыл ұйымдастырған Андрей Назаровтың шәкірттері есепті ұлғайтты. Шайбаның авторы - Найджел Доус.

Үш шайбамен шектеліп қалмаған «Барыс» командасы кездесу аяғына қарай «Медвешчак» клубының қақпасына төртінші шайбаны соқты. Бұл жолы  Брэндон Боченски соңғы нүктені қойды. Бұл жетістігінен кейін 42 ұпай жинаған қазақстандық ұжым турнир кестесінің 4-ші сатысына көтерілді.

Самат ҚАНАҒАТОВ