Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Түркиядағы апат болған шахтада іздестіру жұмыстары жалғасуда

AstanaTV
07.11.2014ж. 20:00
1062
Түркиядағы апат болған шахтада іздестіру жұмыстары жалғасуда

Түркияның оңтүстігіндегі Эрменек елді мекеніндегі шахтада іздестіру-құтқару жалғасуда. Кеніште болған апат салдарынан із-түзсіз жоғалған 18 кеншінің екеуінің мәйіті табылды. Бұл туралы елдің энергетика және табиғи ресурстар министрі Танер Йылдыз хабарлады. Мамандар жұмысшылардың жансыз денесін түскі ас ішуге жиналған жерден тапқан. «Қалған кеншілер де сол маңда болуы мүмкін», - деді министр. Апат кезінде аққан 11 мың тонна судың 10 мыңдайы сыртқа шығарылды. Алайда балшық пен көмір араласып, іздеу жұмыстарын қиындатып отыр. 

Қазаннның 28-де кенішті су басып, төтенше оқиға орын алғаннан кейін, үшінші күн дегенде министр Танер Йылдыз мәлімдеме жасаған-ды. Ол жоғалған жұмысшылардың тірі қалмайтынын ашып айтпаса да, сенімнің сейілгенін тұспалдаған еді. Алайда, өлді деуге қимай, туыстары он күн өтсе де үмітті үзбеді. Жақынынан айрылғандардың бірі - Гүлтекин Хұсейін. Күйеуі Хасан апатқа ұшыраған күні ол перзентханада болған, дәл сол күні ұл туды.

Гүлтекин Хұсейін:

Мен босанып, үйге келгенше, маған ешкім айтпады. Қанша күн күттік. Аман-есен оралар, ұлын көрер деген үмітте едім. Ол баламның есімін Арда деп қоюды армандап жүрген. Қаралы хабар қуанышымызды су сепкендей басты.

Гүлтекин секілді қайғы жамылған он жеті отбасы бар. Олардың барлығы да қара жұмыста адал еңбегімен нан тауып һәм банктегі қарызын төлеп жүрген жандарынан айырылды. Осыны ескерген үкімет қаза тапқан және әзірге жоғалған есебіндегі кеншілердің үш айлық несиесін өз мойнына алды. Айта кетейік, апат болған сәтте жер астында 26 кенші жұмыс істеген. Олардың сегізі дер кезінде жер бетіне көтерілген.

Эрменектегі қайғылы оқиға Түркиядағы өткір әлеуметтік мәселелерді тағы қозғады. Кәсіпкерлікті қолдайтын Қолөнер және сауда палатасының төрағасы Әли Бардак Эрменек елді мекеніндегі азаматтарда екі ғана таңдау бар екенін ашына айтты. «Шамаң келсе, білім алу, болмаса, жер астына түсіп, көмір қазу», - дейді. Бұл аймақта тоғыз шахта болса, онда жеті мыңға жуық жұмысшы еңбектенеді.

Әли Бардак, Түркия Қолөнер және сауда палатасының төрағасы:

Бүкіл ауыл кеніш арқылы күн көріп отыр. Біздің бұдан басқа баратын жеріміз жоқ. Неге билік басындағылар апаттың алдын алып, қауіпсіздігін күшейтпейді?! Сөзсіз тексеру комиссиясы келеді. Бірақ сырттан қайтпай, көзбен көріп, жердің астына түсу керек қой.

Ашынған кеншілер күні кеше Анкара қаласындағы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында митинг ұйымдастырды. Олар министр қызметтен кетпесе, жұмысқа шықпайтындарын жеткізді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер биыл мамырда 301 кеншінің өмірін қиған Сомадағы оқиғадан соң, тексеру жүргізгенін және 100-ге жуық шахтада техникалық талап орындалмағаны үшін жұмыс уақытша тоқтатылғанын айтып, ақталуда.

Самат Сүлей, тілші:

Эрменек елді мекеніндегі шахтада жоғалған 18 жұмысшыны іздестіру барысында бір емес, елдің үш министрі жер астына түсіп, етікпен су кешті және кеншілердің де күйін кешті. Яғни көмір қазушылардың өмірімен танысып, қауіпті жерде қара жұмыстың қалай жүріп жатқандарын өз көзімен көрді. Тексеруге уәде берді.

Самат СҮЛЕЙ