Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

ЭКСКЛЮЗИВ: «Азия Авто» Алтайда дилерлік орталық ашу арқылы Сібір нарығына шықты

AstanaTV
10.11.2014ж. 10:00
1525
ЭКСКЛЮЗИВ: «Азия Авто» Алтайда дилерлік орталық ашу арқылы Сібір нарығына шықты

Алтай өңірі мен Сібір аймағындағы дилерлік-техникалық орталықтар қазақстандық «Бипек Авто» компаниясына берілген соң, Ресей көлік нарығының өкілдері дабыл қаға бастады. Әңгіме баға бәсекелестігі туралы болып отыр. Көрші елдің мамандары Қазақстанда шығарылатын көліктер Барнауыл, Новосібір, Томск және Красноярск дилерлік орталықтарында сатылатын болса, бәсекелестік мәселесі туындайтынын алға тартады. Біздің арнамыздың тілшілері ресейлік «Автоваз» және жергілікті «Бипек Авто» басшылығын сөзге тартқан еді.

Белгілі болғандай, «Бипек Автоның» Алтай өңірі мен Сібір аймағындағы техникалық орталықтары базасында Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорны ашылмақ. Оның 75 пайызы қазақстандық болса, қалған 25 пайызы Ресейдің еншісінде. Әзірге орталықтарда тек «Лада» маркалы көліктер сатылмақ.

Сергей Соснов, «Бипек Авто»-«Азия Авто» компаниялар тобының стратегиялық даму, мониторинг және бағалау департаменті директоры:

Біз «Автовазбен» бірлесе аталған аймақтарда сату және қызмет жүйелерін ұйымдастыру ісін қолға алудамыз. 2017 жылы «Азия Авто» зауытындағы конвейерлер іске қосылған соң, онда шығарылған көліктер Ресей нарығына өткізілетін болады. Сондай-ақ, келісім бойынша Қазақстанда шығарылатын көліктердің 50 пайызы да сол нарыққа сатылмақ. Бұл өте маңызды. «Лада Веста» және «Лада икс-рэй» секілді жаңа маркалар пайда болмақ.

Еске салайық, «Автоваздың» еншісіндегі Алтай өңірі мен Сібір аймағындағы дилерлік-техникалық орталықтарды қазақстандық компанияның басқаруына беру туралы келісім Атырауда өткен Қазақстан мен Ресей шекаралық ынтымақтастығы форумында жасалған болатын.

Бу Андерссон, «Автоваз» ААҚ президенті:

Қазақстан - 20 жылдан бергі әріптесіміз. Осы себепті «Автоваз» бен «Азия Авто» арасындағы келісім біз үшін өте маңызды. Бүгінде екі елдің бірлескен күшімен 120 мың көлік шығаратын жаңа зауыт ашуды көздеп отырмыз. Оның өнімі Барнауыл, Новосібір, Томск және Красноярск қалаларында сатылатын болады. Бұл - Еуразиялық экономикалық одақ аясында жасалған үлкен қадам. Қазақстан билігіне аталмыш жобаны қолдағаны үшін алғысым шексіз.

Жұрағат БАМАН