Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Облыс атқамінерлері Президент жүктеген тапсырмаларды орындауға кірісті

AstanaTV
14.11.2014ж. 20:00
1535
Облыс атқамінерлері Президент жүктеген тапсырмаларды орындауға кірісті

Елбасының «Нұрлы жол» Жолдауы Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолдауға ие болып жатыр. Облыс атқамінерлері маңызды құжатты өңірлердің белсенді азаматтарына таныстырып, Президент жүктеген тапсырмаларды лезде орындауға кірісті. Ұлт көшбасшысының Жолдауы аймақтарда қолдау тапты. Әріптесім Абзал Құрманкиннің шолуы.

Қостанайдағы Елбасының Жолдауын талқылаған алқалы жиында облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов Президент тапсырмаларын жүзеге асыру - басты мақсат екендігін атап өтті. Әсіресе, Ұлттық қордан бөлінетін қомақты қаражатты нақты бағытына сай жұмсау арқылы аймақтың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыру көзделіп отырғанын айтты. Балабақша, баспана, жұмыспен қамту секілді Жолдауда айтылған үкімет міндеттері Тобыл өңірінде толықтай орындалатындығына сенім білдірді. «Енді осы мақсатта аянбай еңбек етіп, қыруар шаруаны бірлесе тыңғылықты тындырып, толағай табыстарға жетуіміз керек», - дейді аймақ басшысы.

Нұралы Сәдуақасов, Қостанай облысының әкімі:

Біздің алдымызға байыпты да салмақты міндеттер қойылып отыр және біз оларды орындауға тиіспіз. Жоғарыда аталған барлық шараларды ойдағыдай іске асырылған кезде біздің экономикалық-әлеуметтік әлеуетіміз көтеріледі. Ал бұл біздің облыстың көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбавтың белгілеп берген мақсаттарын жүзеге асыруға қосқан үлесіміз деген сөз.

Сондай-ақ, Жолдауда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайы да сөз болды. Мемлекет басшысы әрдайым аталған саланы назардан тас қалдырған емес. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында шағын және орта бизнесті қолдау үшін жүйелі шаралар қолға алынған. Бөлінген несиенің көлемі 27 млрд теңгеден асып отыр. Осының есебінен 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылған. Айта кетейік, сондай-ақ аймақта бау-бақша, мал шаруашылығының тынысы да кеңейіп келеді. Және бір басымдық берілген сала - туризмді дамыту.

Сапарбек Тұяқбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Бұдан басқа енді индустриалдық аймақ тәжірибесін қолдана отырып, қазір төрт туристік аймақ ашып отырмыз. Бұл Шардара, Сарыағаш, Қасқасу және Бадам су қоймасы негізінде, бұл да осы сол жерге бизнестің жол картасы аясында инфрақұрылым тартып, келешекте әзірдің өзінде екі-үш кәсіпкерлермен инвесторлар тартып отырмыз.Өздерінің сол жерде қонақ үйлерін, демалыс орындарын ашатын болады.

Ел Президенті өз Жолдауында базынасы көп баспана мәселесін де тілге тиек етті. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама аясында жас отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған адамдарға пәтерлер 1-2 пайыз үстемеақымен берілмек. Бүгінде аймақтарда тұрғын үй құрылысы қарқынмен жүруде. Мысалы, Орал қаласының шеткі аумақтарында тұтастай ықшам аудандар бой көтеріп келеді. Шаһарда «Қолжетімді баспана» бағдарламасын іске асыру үшін, 3 млрд 700 млн теңге бөлініпті. Бұл пәтерлер ең алдымен жылдар бойы кезегін сарыла күткен мұқтаж адамдар мен көп балалы отбасыларға беріледі. Олардың ішінде жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасылар да бар. Ал апатты деп танылған 33 үй келер жылы бұзылып, орнына жаңасы салынады. Бұл іс жеке кәсіпкерлерге жүктеліпті. Олар ескі баспаналардың қожайындарын өздері салған жаңа пәтерлерге қоныстандырып, артылған пәтерлерді нарықтық бағамен сата алады.

Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі:

Орал қаласында қазіргі уақытта 13 мыңнан астам азамат тұрғын үйге кезекте тұр. Бөлінетін қаражат еселене түсетін болады. Және бұл тұрғын үйге мұқтаж адамдарды тұрғын үймен қамтуға едәуір септігін тигізеді. Мысалы, төмен пайыз мөлшерде үйлер берілетін болады. Ұзақ мерзімге жалға беріліп, сонымен қатар, жеке меншікке алу мүмкіндігі ашылады.

Елбасы өз сөзінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына да ерекше мән берді. Оның ішінде инфрақұрылым мен коммуналдық жүйелерді жаңартуға 2020 жылға дейін жыл сайын 200 млрд теңгенің бөлінуін үкіметке жүктеді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті жолдауында шенеуніктерді ерінбей еңбек етуге шақырған болатын. Ел Президентінің тапсырмаларын орындауға өңірлік атқамінерлер білек сыбана кірісті.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов қазір тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағытын жіті қадағалап жүр. Аймақ басшысы күнделікті өткізелетін жиналыстардан бөлек, ай сайын аудандарды аралап, жағдайдан хабардар болады. Қаһарлы қысқа төтеп беретін қар жинағыш техника аталмыш өңірде сақадай сай. Арнайы көліктің 104 бірлігі жолдарды күні-түні таза қалпында ұстамақ.

Снега было много в прошлом году, да? - В прошлом году не так много. - Не так много, да? У тебя населенные пункты на сколько дней закрываются после снежных осадков больших? – Ну, максимум на день-два. - Это правильно, нельзя больше допускать.

Сөйтіп, аймақ атқамінерлері Елбасы жүктеген тапсырмаларды арқалап, оларды шұғыл түрде орындау амалдарын ойластыруға кірісті. Енді айқын мақсатты жүзеге асыру үшін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қажет. Себебі кезек күттірмейтін ауқымды жоспар - ертеңгі тірліктің алғышарты.

Абзал ҚҰРМАНКИН 




Алдыңғы жаңалық