$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Американың әділет министрлігі отандасымыз Диас Қадырбаевты Қазақстанға қайтару бойынша Бас прокуратураның өтініш хатын алды

AstanaTV
19.01.2016ж. 20:00
1789
Американың әділет министрлігі отандасымыз Диас Қадырбаевты Қазақстанға қайтару бойынша Бас прокуратураның өтініш хатын алды

Америка отандасымыз Диас Қадырбаевты Қазақстанға қайтару мәселесін қарап жатыр. «Астана» телеарнасының жіберген сауалына еліміздің Сыртқы істер министрлігі осылай деп жауап қайтарды. Бас прокуратура АҚШ құзырлы органдарына Диас Қадырбаевты қайтару туралы өтініш хат жолдаған. 29 желтоқсанда өтініш Американың әділет министрлігіне жіберілді, - деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі. Айта кетерлігі, бұл Бас прокуратура жолдап отырған екінші өтініш.

«2015 жылдың 12 желтоқсанында ҚР Бас прокуратурасы АҚШ Әділет министрлігіне Қазақстан Республикасының азаматы Диас Қадырбаевтың жазасын өтеу мерзімін Қазақстанда жалғастыру үшін оны елге ауыстыру бойынша өтініш хат жолдады. Бұл өтініш қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияға сай жасалды», - делінген министрліктің ақпаратында.

Оған Қазақстан желтоқсанның 6-сында ғана мүше болды. Айта кетерлігі, Қазақстан тарапы тек Диас Қадырбаевты қайтаруды сұраған. Өйткені оған Америка түрмесінде әлі 3 жылдан астам уақыт отыру керек. Ал Азамат Тажаяқовты елге қайтару мәселесі көтерілген жоқ. Оның жазасының мерзімі жарты жылдан соң аяқталмақ. Бұдан қалды, Азамат Тажаяқовтың не өзінен, не туыстарынан елге қайтару бойынша өтініш түспеген. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Еске салайық, жерлестеріміз Бостондағы жарылысқа қатысы бар деген айыппен сотталған болатын. Диас Қадырбаев 6 жылға, ал Азамат Тажаяқов 3,5 жылға бас бостандықтарынан айырылған еді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ