$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қарағанды маңындағы елді мекеннің оқушылары 3 шақырымдай жердегі білім ошағына жаяу қатынап жүр

AstanaTV
21.11.2014ж. 10:00
1246
Қарағанды маңындағы елді мекеннің оқушылары 3 шақырымдай жердегі білім ошағына жаяу қатынап жүр

Мектепке жету - мұң. Қарағанды маңындағы бүтін бір елді мекеннің оқушылары ақ қар көк мұзда білім ошағына жаяу қатынап жүр. Автобус жүрмейтіндіктен, балалар 3 шақырымдай жолды күніне екі рет жүріп өтеді. Қақаған аязда бала-шағамыз үсіп қала ма деп алаңдаған ата-ана билік басындағылардан көмек сұрайды.

Мұнда жаяу жүргіншілерге  арналған жол да жоқ. Қауіпті жолды жағалаған балғындардың  жүрісі бір қараған адамға тым аянышты. Көпшілігінің ата-анасы жұмыста. Сондықтан мектепке жалғыз баруға мәжбүр. Ал олар оқитын 33-ші мектеп-балабақша кешенінің жанына ешбір автобус  тоқтамайды.

Дима Мусин,  оқушы:

Жол тайғақ. Көліктер қатты жүреді. Өте қорқынышты, соғып кетуі мүмкін.

Вероника Кильтичева, оқушы:

Мектепке дейін автобус немесе басқа бір көлік жүрсе екен. Оны кім шешетінін білмеймін. Бірақ автобус бізді мектепке апарып салса, қуанар едік.

Халық «Кеншілер шаһары» атап кеткен елді мекен өркениеттен жұрдай. Әсіресе шет жақтағы үй тұрғындарының  орталыққа қатынауы қиын. Ата-аналардың айтуынша, бұл маңайға  бір ғана № 37 автобус қатынайды. Бірақ ол мектепке жетпей тоқтайды. Қоғамдық көлік бағытының ұзартылғанын сұраған тұрғындар құзырлы орындарға өтініш жолдаған. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.

Александра Симикина, Қарағанды қаласы «Кеншілер шаһарының» тұрғыны:

Балалар мектепке мына көшелердің  бойын жағалап барады. Тротуар жоқ. Жол болса тайғақ, автобустың астына түсе ме деп қорқамыз. Қарағанды қалалық әкімдігі мәселені бізден естіп білді. Шенеуніктердің сөзіне қарағанда  автобустың бағыты алдағы жылы өзгертілуі мүмкін.

Ержан Көкішов,  Қарағанды қаласы ТҮКШ автокөлік жолдары және жолаушы көлігі бөлімі сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы:

Автобус бағыттарын өзгерту мәселесі қаңтар айында қаралады. Сол кезде жалпы Қарағанды қаласының жолаушы тасымалдаушы көліктерінің бағыттарына өзгеріс енгізіледі. Ақпан,наурыз айларында  37-ші автобустың қозғалыс кестесін де қайта қараймыз.

Осылайша, кеншілер шаһарының кішкентай тұрғындары қыстың қытымыр суық күндерін қорқынышпен өткізіп жүр. Олардың басындағы бұл қиындық көктемге дейін жалғаса ма, ол жағы әзірге белгісіз.

Айжан ҚУАШ


  

Алдыңғы жаңалық