$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қарағандыда Халықаралық СПИД-пен күрес күніне орай көрме ашылды

AstanaTV
28.11.2014ж. 13:00
2825
Қарағандыда Халықаралық СПИД-пен күрес күніне орай көрме ашылды

Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық. Қарағандыда Халықаралық СПИД-пен күрес күніне орай көрме ашылды. Ғасыр індетімен күрес орталығының мамандары «Демотивация» тақырыбында ауқымды көрме арқылы халықты ақпараттандыруды мақсат етті. Үрейлі, десе де ойлы суреттерді мыңдаған оқушылар мен жастар тамашалады. «Сау ұрпақ» қоғамдық бірлестігі мен СПИД-ке қарсы күрес орталығының дүниежүзілік індетке қарсы күрес күніне орай қолға алған игілікті ісін біздің түсіру тобымыз да көріп қайтты.

«СПИД-тен сақтаныңдар!»,«Өмірің өз қолыңда...» деп ұрандатқан мына суреттер, бір қарағанда, қорқынышты. Бірақ философиялық мәні бар. Қоғамымызға баяғыда еніп алған ғасыр індетінің зардабы мен жүре пайда болатын иммунитет тапшылығының синдромынсыз жарқын болашақтың көрінісі. Барлығын оқушылар ғаламтордан теріп, жинап тапсырған. Келушілер көрмені таңданып та, үрейленіп те тамашалады.

Ксения Владченко:

Маған мына сурет қатты әсер қалдырды. СПИД-пен ауырсаң, осындай түрі қорқынышты бала тууың мүмкін. Сондықтан ауруды жұқтырып алмауға тырысу керек. Жаман әдеттерден гөрі, өз болашағыңды құруға уақыт бөлген дұрыс.

Қарағандыда СПИД туралы ақпараттандыру шаралары үздіксіз өткізіліп келеді. Соған қарамастан, аймақта иммунды тапшылық вирусын жұқтырушылар азаймай отыр. Қазір ресми тіркелгендер саны 4 мыңға жетеді. 50-ден астамы - балалар. Мамандардың дерегінше, дерттке жүкті әйелдер жиі шалдығуда.

Қамқа Әлжанова, Қарағанды облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім меңгерушісі:

Қорқынышты суреттер өмірден алынған. Ондай адамдар өмірде болған және бар.  Сондықтан одан қорқу да керек шығар.

24 жастағы Тимур есімді мына жігіт қорқыныштың не екенін кеш білді. Небәрі 18 жасында ВИЧ инфекциясын қалай, қашан жұқтырғанын өзі де білмейді. Қарағанды университеттерінің бірінің үлгілі студенті күтпеген жайттан алғашында есеңгіреп қалғанын айтады. Енді өзі секілділерге ақыл-кеңес беріп, тренинг өткізіп жүр.

Тимур:

Бұл тақырып мен үшін ауыр. Іштей қазбаламауға тырысам. Адамдарға айтарым - сауатты болу керек. Егер қандай бір күмәніңіз болса, анонимді түрде дереу қан тапсырыңыз СПИД орталығына барып.

Қарағандыда СПИД-ке қарсы күрес акциясы бір айға жалғасады. Құпия түрде сараптама жасатам деушілерге де психологиялық көмек көрсетуге дайын. Мамандар облыстың барлық қалалары мен ауылдарын аралап шықпақ. Сауда, мәдени орталықтар мен мектептер түгелдей қамтылады.

Айжан ҚУАШ