$489.36 €533.45 ₽4.99
×

Керекулік кәсіпорында болған өртке жұмыс беруші тікелей жауапты

AstanaTV
20.01.2016ж. 20:00
1426
Керекулік кәсіпорында болған өртке жұмыс беруші тікелей жауапты

Павлодарлық «Нефтехим ЛТД» кәсіпорнында болған төтенше жағдайға жұмыс беруші тікелей жауапты. Апаттан соң құрылған арнайы комиссия осындай шешім шығарды. Анықталғандай, өрттің тұтануына 4 жағдай әсер еткен. Олар: технологиялық процесте кеткен олқылық, құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы мен еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы. Бүгінде жауапты тұлғалар анықталып, жүргізілетін іс-шаралар белгіленді. Оған сәйкес, жұмыс беруші үш тәуліктің ішінде жәбірленушілер мен олардың туыстарына оқыс оқиға туралы акт тапсыруы тиіс. Аталған жайтқа қатысты барлық материалдар құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қорғау басқармасына жіберіледі.

Ерқан Қоқұбаев, Павлодар облысы индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары:

Бұл оқиғаға қатысты жүргізілген тергеу қорытындысы мынадай: төтенше жағдайға жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі. Дегенмен, қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау ережесіне келгенде, жұмыскерлердің де қате жібергені анық. Яғни олар еңбек қауіпсіздігі талабын бұзған.

Еске салсақ, оқыс оқиға қаңтардың төртінде болды. «Нефтехим ЛТД» кәсіпорнының полипропилен сақтайтын қоймасында болған өрттен екі адам қаза тауып, үш жұмыскерді күйік шалған еді. Ауыр халдегі екі азамат Астанадағы ауруханаға жеткізілді.

Ал қаңтардың 18-і күні «Каустик» АҚ өрт болып, тағы бір адам зардап шекті. 28 жастағы жұмысшы денесінің 60 пайызы күйіп қалды. Бұл оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары басталды.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ