Наурызда түркі тілдес елдердің
туристік агенттіктері мен ұлттық әуе компаниясының мамандары Астанада бас
қоспақ. Олар «Жібек жолы» туристік жобасы аясында жеңілдетілген
бағамен ұшақ билеттерін ұсынуға қатысты нақты жауаптарын жария етуі тиіс. Бұл туралы Ыстамбұл қаласында
өткен Түркі кеңесіне мүше елдердің өкілдері бас қосқан жиында айтылды.
Айта
кетейік, биылдан бастап Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия және өзге де түркі тілдес
мемлекеттердің арасында заманауи «Жібек жолы» туристік жобасы жүзеге аспақ.
Мақсат - түркі тілдес мемлекеттер арасында туризмді дамыту. Бүгінде осы мақсатта
арнайы жұмыс тобы құрылып, бағдарлама әзірленіп қойған. Басқосуға қатысқандар
туристік агенттіктер мен ұлттық әуе компаниясның мамандары жеңілдетілген
бағамен ұшақ билеттерін ұсынуға әзір екендерін жеткізді. Түркі кеңесі Бас
хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы «Жібек жолы» халықаралық жобасы аясында
Қазақстандағы тарихи орындардың картасы сызылып, дайын тұрғанын айтты. Ұшақ
бағасы нақтыланса, осы жаздан бастап туристерді тарту жоспарланып отыр.
Абзал Сапарбекұлы,Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары:
Маусым айынан бастап қыркүйек
айына дейін төрт тур саяхат өткізуді жоспарлап отырмыз. Наурыз айында соңғы рет
туроператорлардың жиналысын өткізіп, мүше мемлекеттердің әуе компанияларының
ұсынысына сәйкес, тур-саяхаттың бағасы белгіленеді.
Самат СҮЛЕЙ