Олимпиада - 2022 қысқы
ойындарын өткізуге басты үміткер ретінде Бейжің танылды. «Халықаралық хоккей федерациясының президенті
Рене Фазельдің пікірінше, Қытай астанасы қысқы ойындар өткізуде басты фаворит»,
- деп жазады «Тенгри ньюс», «РИА Новостиге» сілтеп.
Еске салсақ, 2020 жылғы
қысқы Олимпиада астанасы осы жылдың шілдесінде анықталады. Қазір төрт жыл сайын
өтетін әлемдік доданы қабылдауға үміткер екі қала қалды - Алматы мен Бейжің.
2014 жылдың шілдесінде Халықаралық олимпиада комитеті үміткер ретінде Ослоны
тіркеген-ді, алайда кейін Норвегия өз өтінішін кері қайтарды. Оған дейін қаржы
тапшылығына байланысты Стокгольм, Краков және Львов та райларынан қайтқан.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда қысқы ойындарды өткізу
жөнінде «шығын болады, бірақ көпшілік ойлағандай көп емес, Қазақстанда
жарыстарға қажетті барлық нысандар бар» деп мәлімдеген. Ал Халықаралық
олимпиада комитеті Олимпиада - 2022 өтетін шаһарға 1 млрд доллар беруді
қарастырып отыр.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ