Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Әлемде жұмыссыздар саны артуда

AstanaTV
09.01.2015ж. 20:00
1819
Әлемде жұмыссыздар саны артуда

Әлемде екі қолға бір күрек таппай, жәрдемақыға қарап қалғандар саны артуда. Бүгінде жұмыссыздық басты проблемалардың біріне айналып отыр. Әсіресе Еуропаның еңбек нарығы қиын жағдайды бастан кешуде. Өйткені Кәрі құрлықта экономикалық өсім төмендеп барады. Греция, Испания, Италия сияқты елдерде құрылыс, қаржы және туристік сектордың құлдыруынан, жәрдемақыға алақан жайғандар саны өсуде. Әлемдік еңбек нарығын не күтіп тұр? Тілші тарқатады.

Еуроаймақта жұмыссыздар саны бойынша Испания рекорд орнатты. Жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс пен банктердің берешегі тұтас елді қарызға белшеден батырған. Жұмыссыздық көрсеткіші ресми түрде 25 пайызды құрап отыр. Грекияда жағдай тіпті қиын. Адамдарды жаппай қысқартудан қорыққан билік мемлекеттік секторда шығынды азайтып, жалақыны қиюды қолға алған. Көптеген грек азаматтары соңғы жылдары екі қолға бір күрек таппай сенделіп кетті. Шарасыздықтан халық сан рет наразылық шерулеріне де шықты. 

Ал Италияда жұмыссыздық 3 млн адамды тығырыққа тіреді. Мұндай жағдай соңғы 40 жылда болмаған. Италияның 2,5 триллион доллар қарызы елді осындай ахуалға душар етті. Еуроодақтағы экономикасы әлсіз елдің бірі – Португалияда - жұмыссыздар саны 14 пайызға жетті. Тіпті жұмыспен қамту жайы Францияның өзін алаңдата бастады. Елде нәпақа таппай отырғандар 3,5 млн адамды құрайды.  

Экономикалық әріптестік және даму ұйымы

«Еуропаның еңбек нарығының құлдырауына қате экономикалық саясат әсер етті.  Еуропаға тұтынушылар мен инвесторлардың сенімін туғызу үшін, сұранысты арттыру саясатын жүргізу керек. Оның ішінде монетарлы саясат жұмсақ жүргізілуі керек. Әсіресе үнемшілдікке ұрынып қажет емес». 

«Жаппай жұмыссыздық орта таптың жойылуына соқтырады», - деп алаңдайды сарапшылар. Егер ол жойылса, бай мен кедей арасындағы айырмашылық қатты білініп, бұл кей елдердің  құрдымға кетуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан көптеген елдер импортты алмастыру, ішкі сұранысты қолдау, қайта индустрияландыру сияқты шараларды қолға алған. Сарапшылар: «Бұл технология дамыған бүгінгідей заманда өндірісте жұмыс күшіне сұраныс туғызады», - деп есептейді. 

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ