Қазақстан Украинаға 380 мың доллар көлемінде
гуманитарлық көмек көрсетті. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен демалыс күндері Украинаның Луганск
облысындағы Северодонецк қаласының төтенше жағдайлар қызметі өкілдеріне азық-түлік салынған жүк тапсырылды. Жәрдем
ретінде берілген заттардың сертификатын қазақстандық дипломаттар табыс етті.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы
бойынша, барлық азық-түлік Украинаның оңтүстік-шығысына жөнелтілген. Ол - 130
мың дана құтыдағы ет консервілері, 40 тонна қант, 150 тонна жарма және 36 мың
литр өсімдік майы. Азық-түліктің жалпы бағасы - 70 миллион теңгеге жуық қаржыны
құрайды.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ