Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Сот бұрынғы әкім Бауыржан Әбдішевтің қамау мерзімін созды

AstanaTV
13.01.2015ж. 20:00
1036
Сот бұрынғы әкім Бауыржан Әбдішевтің қамау мерзімін созды

Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев енді күдікті ретінде тергеледі. Бұрынғы басшының айыпталушыдан күдіктіге айналуы биыл күшіне енген жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексіне байланысты болып отыр. Бұл туралы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Бауыржан Әбдішевтің статусы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеушісінің жеке қаулысы негізінде өзгертілген.

Енді күдіктіге айыпты прокурор ғана таға алады. Яғни қылмыстық істің тергеу жұмыстары толық аяқталып, прокуратураға өтуі тиіс. Алайда, қазір оны айыптайтын дәлелдер жеткіліксіз. Тергеу әрекеттері толық аяқталған жоқ. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары мен басқа да маңызды құжаттарға байланысты сараптама қорытындылары дайын емес. Осыған орай Қазыбек би аудандық сотының өкілдері экс-әкімнің қамауда отыру мерзімі 23 ақпанға дейін созылатынын мәлімдеді. Оның абақтыға қамалу мерзімі осымен 3-ші рет ұзартылылып отыр.

Әлия Жошева, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы, жауапты хатшы:

2015 жылдың Қылмыстық іс жүргізу кодексінің өзгеруіне байланысты Бауыржан Әбдішев қазіргі уақытта сезікті деп танылды. Іс прокуратураға жеткенше, осы статус сақталады.

Еске салайық, Бауыржан Әбдішев  төрт айдан бері айыпталушы ретінде қапаста отырды. Экс-әкімге «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылған еді.

Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты Серік Ахметовтің де айыпталушыдан сезіктіге айналуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Дегенмен, әзірге ол айыпталушы күйінде қалып отыр.

Айжан ҚУАШ