Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Шығыс Қазақстандағы автосалондар сатып алушыларға қайта толды

AstanaTV
14.01.2015ж. 20:00
1097
Шығыс Қазақстандағы автосалондар сатып алушыларға қайта толды

Қазақстандықтардың көлік сатып алу үшін Ресейге ағылуы саябырсығандай. Шығыс Қазақстандағы көлік салондары бағаны күрт түсіріп, сатып алушылар саны артқан. Оның үстіне, жергілікті жұрт: «Арзан деп көне көлікке отырғанша, өзімізден жаңасын алған дұрыс», - деп санайды. Ал, әңгіме «арзан авто» жайлы болғанда, ресейлік құрылыс компаниялары да қазақстандықтар арқылы табыс табудың жолына кіріскен. Теріскейдегі серіктестіктер өнімдерін өткізу үшін, біздің желілерде жарнама жасап әлек. 

Желтоқсан айында адам аяғы мүлде сиреген салондар сатып алушыларға қайта толды. Еліміздің автоқұмар азаматтары 50 пайыздық жеңілдікті естігенде, қатты таң қалған. Ұзақ мерзімді техникалық кепілдіктер де қоса беріліп жатыр. Нәтижесінде, тұрғындардың басым бөлігі отандық өнімді таңдап жүр.

Ринат Жақыпов, сатып алушы:

Мен жақында үйленгендіктен, отбасыма көлік ауадай қажет. Сондықтан осында жүрмін. Әрине, сырт жақтан екі есе арзан автомобиль сатып алуға болады. Бірақ өзіміздегі жеңілдіктер де жаман емес. Мысалы, кепілдеме мен техникалық байқау құжаттары да осы жерден беріліп жатыр.

«Азия авто» зауытының әкімшілігі темір тұлпарлардың қосымша қоры бар», - дейді. Әзірге тек күте тұру керек. Бастысы - күттіру кезеңінің ұзаққа созылмауы. Көлік бағасының күрт төмендеуі ресейліктерді де, қазақстандық өндірушілерді де айналып өтпеген. Айтуларынша, қос тарап та шығынға ұшырап отыр.

Ал экологтар дабыл қағуда. Өйткені рубль құны түскелі аймақтарда арзан көліктер көбейді. Салдарынан, тоз-тозы шыққан темір тұлпарлар ауаны ластап қана қоймай, көліктердің қауіпсіздігі де қағаберіс қалып жатыр. Келіп жатқан көліктердің көбі - ескі.

Вадим Обухов, ШҚО қоғамдық кеңес сарапшысы:

Кей орындарда көліктер техникалық байқаудан өтпейді. Сондықтан олар ауаны ластауда. Және қаладағы экологиялық ахуалды төмендетеді. Енді, міне, таза ауа жұта алмай, тынысымыз тарылып отыр. Онсыз да бізде адам секілді тыныстау мүмкін емес. Сондықтан біздегі құқық қорғаушылар техқызмет орындарын дұрыс қадағалап жұмыс істеуі керек. Бүгінде бәрі бетімен кеткен.

Қазақстандық клиенттер үшін ресейлік құрылыс компаниялары да таласқа түсуде. Ғаламтор кеңістігінде Новосібір, Барнауыл, Красноярсктегі жаңа салынған пәтерлердің шаршы метрін әлдеқайда арзан бағамен сатып алуға ұсыныс көп. Мәселен, Новосібірдегі 2 бөлмелі пәтер небәрі 2 млн теңге тұрады. Салыстырар болсақ, бұл Өскемендегі ескі пәтерлерден әлдеқайда арзан. Демек, рубльдің құлдырауы - қазақстандықтарға 2015 жылы да үлкен шоппингтар жасауға мүмкіндік бермек. Сатып алушылардың екінші толқыны, арзан авто ғана емес, пәтер, тұрмыстық техника сатып алудан үмітті. Аймақ басшысы, Ресейден Қазақстанға тауар тасу - біздің экономикамызға кері әсер етпейді, деп отыр.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қазақстан азаматтарының Ресейден осылай тауар алып келуі - экономикамызға соншалықты әсерін тигізе қоймас. Біз, керісінше, ертең біздің тауарларымызбен Ресейге бара алатындай бәсекеге қабілетті кәсіпорындар жасауымыз керек.

Ал, әзірге Ресейдің сауда-саттық сайттарының бәрінде ең белсенді клиенттер қазақстандықтар болып тұр. Себебі жеткізіп бергені үшін беретін ақшаны қосқанның өзінде, біздікілер тауардың бағасынан 1,5-2 есе ұтып отыр.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ