$450.79 €524.13 ₽5.31
×

Көрермен талғамы өзгерді: телевизияны түлету үшін не істеу керек?

AstanaTV
10.09.2026ж. 19:00
Көрермен талғамы өзгерді: телевизияны түлету үшін не істеу керек?

Қазір көпшілік көгілдір экраннан гөрі қолындағы гаджетті құп көреді. Ақпарат алмасып, жаһандағы жаңалық үшін де осы құрылғылардағы онлайн платформаларды қолданады. Ал бұл қосымшалар телевизияны қайта түлетіп, оң өзгерістер көрсетуі үшін не істеу керек? Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Қазір көрерменнің бір бөлігі дәстүрлі телеарнаны тікелей эфирден көрсе, енді бірі сол контентті онлайн платформадан немесе стриминг сервистерінен қарайды. Мұндай өзгеріс телевизияның тарату үлгісіне ғана емес, көрермен талғамы мен контент өндіруге де әсер етіп отыр.

ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бізде қазір алуан түрлі ақпараттың көздері бар. Сондықтан телеарналар яғни телевизия саласы осы қазіргі цифрлық заманға бейімделу керек. Тиянақты жұмыс жасау керек. ЖИ технологияларына қосылып, әл желіге белсенді жұмыс жасап, жаңа форматқа көшу қажет.

Әлемдік тәжірибе де осы үрдісті көрсетеді. BBC аудиторияның онлайн ортаға ауысуына байланысты цифрлық платформалармен жұмысын күшейтіп жатыр. Ал халықаралық зерттеулер дәстүрлі эфирді көру азайғанымен, бейне контентке сұраныстың жоғалмағанын көрсетеді. Көрермен тек оны тұтынатын платформасын өзгертіп жатыр.

НАДЯ ВИНОКУР, BBC ДИСТРИБУЦИЯ ЖӘНЕ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ АҒА МЕНЕДЖЕРІ:

Біздің стратегиялардың бірі фрили платформасы. Бұл жобаны басқа да ұлыбританиялық контент өндірушілермен бірге жасадық. Мұнда көрермен кез келген ақпаратты таба алады. Қазір 70 пайыз адам жаңалықты телефон арқылы қарайды. Бұл бізге үлкен мүмкіндік береді. Өйткені, аудиторияның қандай контентті жиі қарайтынын бақылап, соған сай ақпарат ұсына аламыз.

Бұл өзгеріс жарнама нарығына да жаңа талап қойды. Көрерменнің көгілдір экраннан немесе компьютерден көрген контентін бөлек есептеу аудитория ауқымын көрсете алмайды. Сондықтан мамандар барлық платформаны біріктіріп өлшейтін заманауи жүйелерді енгізудің маңызды,- дейді. Отандық медианарық үшін де бұл бағыт өзекті.