$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова депутаттық мандатқа таласпақ

AstanaTV
26.01.2016ж. 20:00
1599
Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова депутаттық мандатқа таласпақ

Шығыс Қазақстанда сайлау учаскелерінің аумақтары белгіленді. Олардың саны - облыс бойынша 1 мыңнан астам. Бұл туралы сайлау комиссиясының аймақтағы өкілдері хабарлады. Саяси науқанға түсетін депутаттар құрамы да анық болды. Мәселен, облыс мәслихатына 43 мандат, қалалыққа - 73, ал  аудандық мәслихатқа 205 депутат сайлануы тиіс. Халық қалаулысы болысы келетін үміткерлер арасында олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар.

Олимпиада жүлдегері Ольга Рыпакова үшін басты жарыс - Рио-де-Жанейрода өтетін жарыс. Спорт саңлағы байрақты бәсекеге барын салып дайындалып жатыр. Ал облыстық мәслихатқа үміткер ретінде ұсынылғанын естігенде, сәл қобалжығанын жасырмайды. «Әріптестерімнің де пікірі әртүрлі болды», - дейді.

Ольга Рыпакова, олимпиада чемпионы:

Біреулер, "депутаттықтың не керегі бар, сен спорт адамы емессің бе, саясаттан не түсінесің?" деді. Ал кейбіреулері, маған сенім артып, "келешегің үшін жақсы қадам жасап жатырсың", дегенді айтты.

Шығыста олимпиада чемпионы қоғамның белсенді мүшесі ретінде танымал. Ол еңбек ұжымдары мен жас буын өкілдерімен жиі кездесулер өткізіп тұрады. Тіпті Ольга - өзінің табандылығы мен төзімділігінің арқасында Өскемендегі жеңіл атлетика манежінің құрылысын алғашқы сәттен бақылауға алғандардың бірі. "Дәл осындай, белсенді, ойлы жастар облыстық мәслихаттың құрамында  болу қажет", - дейді бірнеше шақырылымның депутаты  Майраш Екібасова.

Майраш Екібасова, «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Нақты қай салаға, қандай басымдық беруді білген жөн. Сондай-ақ бюджеттің көлеміне қарай жоспарлап, қандай бағдарламаны жүзеге асыру қиын болады, соны нақтылап алу керек

Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық комиссиясының төрағасы Александр Рукиннің айтуынша, саяси науқан  қарқынды, ал сайлауға түсетіндердің  дайындығы қызу  болмақ.

Александр Рукин, ШҚО аумақтық комиссия төрағасы:

Менің ойымша, бұл науқанда тұрғындардың белсенділігі басым болады. Неге десеңіз? Орталық сайлау комиссиясының сайттарын жіті қарап отырмын, сайлау жайында жазылған пікірлер өте көп. Әсіресе жастар жағы мәжіліс пен мәслихат құрамы жаңадан құрылуын қалайды. 

Қазіргі таңда сайлау комиссиясының мүшелері саяси науқанның өтетін орындары мен сайлаушылардың тізімін анықтап жатыр. Үміткерлерге де кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Ал еңбек ұжымдары мен партия филиалдарында үміткерлерді ұсыну жиындары өткізілді. Ольга Рыпакова: "Сайлаудан топ жарып шықсам, спорттың  көшін алға сүйреп, саланың ақсап тұрған тұстарына айрықша көңіл бөлемін", - деп отыр.

Ольга Рыпакова, олимпиада чемпионы:

Мектептер мен білім ошақтарындағы дене шынықтыру сабағына өзгеріс енгізу керек. Жүйелі әдістемелік  бағдарлама қажет. Қазіргі оқушылардың қабілетіне сай заманауи, қызықты бағдарлама болса. Менің ойымша, дәл осы тұстан бастау керек.

Мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну ақпанның он тоғызына дейін жалғасады. Оларды тіркеу жиырма үші күні аяқталуы тиіс. Ал үгіт-насихат науқаны 24 ақпанда басталып, наурыздың 18 дейін созылады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ