Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Жамбыл облысында АН-2 апатынан аман қалған Әсем Шаяхметова Астанаға жеткізілді

AstanaTV
22.01.2015ж. 20:00
1849
Жамбыл облысында АН-2 апатынан аман қалған Әсем Шаяхметова Астанаға жеткізілді

Жамбыл облысында болған АН-2 апатынан аман қалған Әсем Шаяхметованың жағдайы тұрақты, бiрақ ауыр. Науқасқа кем дегенде 3 ота жасалады. Бұл туралы бүгін Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Абдрайымов хабарлады. Санитарлық авиация бүгін таңғы сағат 6-лар шамасында АН-2 апатынан аман қалған жалғыз жолаушыны Астанадағы №1 қалалық ауруханаға жеткізген еді. Тасымалдау кезінде Әсем Шаяхметованың халі тұрақты болған.

Ауруханаға түскен соң оған алғашқы хирургиялық жәрдем жасалды. Қазiргi уақытта науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Оған компьютерлiк томография арқылы миына және омыртқасына тексеру жүргiзілуде. «Науқас есін біледі, бізбен тілдесіп жатыр»,- деді аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ерсiн Жүнісов.

Ерсiн Жүнісов, №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

Көптеген жарақаттар. Қазір «ол жақ сан сүйегінің ортаңғы үштен бір бөлігінің ашық сынығы, оң жақ сирақ сүйегінің төртінші дәрежелі ашық сынығы, бас миының жарақаты, бас миының шайқалуы» деген диагнозбен жатыр. Келесі жасайтын операцияларымыз науқасқа салмақ түсірмеуі керек. Сондықтан жабық оталар жасалады.

Әуе көлігінде болған жолаушының апаттан тірі қалғанына дәрігерлер де таң. «Мұндай жағдай өте сирек кездеседі», - дейді. «Операциялар сәтті аяқталса, Әсем аяқтан тұрып кетеді», - дейді емдеуші дәрігерлер.

Еске салайық, қарағандылық «Олимп Эйр» серіктестігіне тиесілі АН-2 ұшағы өткен сейсенбіде Жамбыл облысында «Шатыркөл» кен орны ауданында апатқа ұшырады. Ұшақта «Қазақмыс» компаниясының қызметкерлері болған. Алдын ала болжам бойынша, ұшақтың құлауына тұман себеп болуы мүмкін. Апаттан 3 экипаж мүшесі мен «Қазақмыс» компаниясының 3 қызметкері қаза тапты. Аман қалған «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінің бас геологы Әсем Шаяхметова ғана. Қазір апатқа қатысты тергеу жүргізілуде.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ



{