Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Елордалық «Барыс» командасы тағы да үздік шықты

AstanaTV
23.01.2015ж. 13:00
918
Елордалық «Барыс» командасы тағы да үздік шықты

Елордалық «Барыс» командасы тағы үздік шықты. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Новосибирск қаласының «Сибирь» клубын қабылдаған Андрей Назаровтың шәкірттері 3-2 есебімен басым түсті.

«Қазақстан» спорт сарайында өткен кездесуді ширақ бастаған айдын иелері бірінші кезеңнің басында есеп ашты. Константин Пушкаревтің пасынан кейін шеберлігімен танылған Талғат Жайлауов командасын алға шығарды.

Қарымта шабуылға шыққан «Сибирь» хоккейшілері таразы басын теңестіріп қана қоймай, 2-1 есебімен алға шықты. Алдымен, Херсли Патрик сан басымдығын  жүзеге асырса, келесі сәтте қақпашы Павел Полуэктовпен бірге-бір шыққан Степан Санников командаластарының қошеметіне бөленді.

Қақпаларына қатарынан екі шайба жіберіп алғанына қарамастан жасымаған Андрей Назаровтың шәкірттері соңғы үзілістен кейін есепті теңестірді. Қақпа алдында қараусыз қалған Николай Антропов мүлт кетпеді.

Бұл шайбадан кейін шабыттанған қазақстандық ұжым араға екі минут салып, «Сибирь» клубының қақпасына үшінші шайбаны соқты. Бұл сәтте мергендігімен танылған Роман Старченко команда қоржынына үш ұпайды салып берді.

Келесі кездесуін «Барыс» командасы енді Череповец қаласының «Северсталь» клубына қарсы өткізеді.

Канагатов С