Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Соңғы екі айда қазақстандықтар Ресейден 40 мыңнан астам автокөлік сатып алған

AstanaTV
23.01.2015ж. 20:00
574
Соңғы екі айда қазақстандықтар Ресейден 40 мыңнан астам автокөлік сатып алған

Соңғы екі айда қазақстандықтар Ресейден 40 мыңнан астам автокөлік сатып алған. Көліктер құны рубльдің құлдырауынан соң солтүстік көршімізде 20-30 пайызға арзандап кеткені мәлім. Осылайша Ресейдің автоөндірісі Қазақстан нарығын амалсыз қыспаққа ала бастады. Бүгін отандық автобизнес қауымдастығы көлік құрастыру жағынан ілгері кеткен Ресей мемлекетін бұл саясатты қайта қарауға үндеді.

Енді Кеден одағы талаптарына сәйкес Ресей жағы өз көліктерін зауыт бағасымен жеткізсе, Қазақстан автодиллерлері өз маржаларын кемітуге дайын. «Нәтижесінде еліміздегі жаңа автокөліктердің бағасы көрші мемлекеттегі көліктер құнымен теңесер еді», - дейді автобизнес қауымдастығының өкілдері. Сол сияқты өзге де шетелдік автоөндірушілер Ресейдегі дағдарысқа орай баға саясатын күрт өзгертіп жіберген. Осының кесірінен дәл қазіргі уақытта қазақстандық ірі автомобиль саудалаушылар бағаны еріксіз түсіру арқылы шығынға жұмыс істеп жатыр. «Бұл жағдайда отандық көлік зауыттарын мемлекет барынша қолдап, тұтынушылардың жаңа көліктерді өзімізден сатып алуына жағдай жасауы тиіс», - дейді қауымдастық өкілдері.

Нұрлан Смағұлов, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мүшесі:

Дәл қазіргі уақытта автодиллерлер баға саясатын өз бетінше реттеп жатыр. Тұтынушыларды ұстап қалу үшін тіпті шығынға жұмыс жасап жатқандары қаншама. Бұл жәй ғана бос сөз емес. Шын мәнінде, солай екенін ашына айтуға мәжбүрміз. Жақын көршімізде көлік құны 30 пайызға арзан болып тұрғанда, халықты патриотизмге үндеу  мүмкін емесі түсінікті.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ