Алматыда Қысқы универсиада үшін
салынып жатқан нысандар биыл 30 тамызда пайдалануға беріледі. Бұл туралы
спорт ойындары өтетін аумақтың құрылысымен БАҚ өкілдерін таныстыру барысында
белгілі болды. Дирекция директорының орынбасары Нұргелді Әбжаппаров, наурызда 3
мың орындық Мұз аренасы дайын болатынын айтты. Сондай-ақ Мұз сарайы және
атлетикалық қалашық нысандарының құрылысы да қарқын алған. Дирекция ақпаратына
сәйкес, универсиада бюджеті 32 миллиард теңгеден 17 миллиардқа қысқарған.
Нұргелді Әбжапаров, Қысқы универсиада ойындарын өткізу дирекциясы
директорының орынбасары:
Еліміздегі жағдайға байланысты
біз, әрине, универсиаданың жалпы бюджетін 17 млрд теңгеге дейін қысқарттық.
Бірақ соның өзінде жұмыс орындары қысқартылған жоқ. Құрылыс барысында 50
мыңнан астам жұмыс орны адамдарға ашылды. Құрылыс барысында тек қазақстандық
компаниялар жұмыс істейді. 1,5 мыңнан астам қазақстандық компаниялар жұмыс
істейді. Қазақстандық құрам, жаңа айтып кеткендей, 50 пайыздан асады.
Айта кетейік, спорт жарысы 2017 жылдың 28 қаңтары мен
8 ақпан аралығында өтпек. 28-ші қысқы универсиада спорттың 12 түрін
қамтиды. Дүбірлі жарысқа әлемнің 55 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп
күтілуде.
Самат ҚАНАҒАТОВ