$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Шымкенттегі Құрсай шағын ауданында жаңа мектеп ел игілігіне берілді

AstanaTV
28.01.2015ж. 10:00
2505
Шымкенттегі Құрсай шағын ауданында жаңа мектеп ел игілігіне берілді

Шымкенттегі Құрсай шағын ауданында жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Тіпті, күннің аяздығына қарамастан оқушылар мен ұстаздар қызу әзірлік үстінде. Өйткені, бүгін көптен күткен білім ордасы ашылды.

Үш қабатты жаңа мектеп 900 орынға лайықталған. Мұнда №49 мектептің шәкірттері енді емін-еркін дәріс алмақ. Сабақ екі ауысымда өтеді. Білім ошағының пән кабинеттері қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақталған. Тіпті екі бірдей спорт залы бар.

Мына мектепке жаңадан көшіп жатқанымызға қуаныштымыз. Біз алдыңғы мектепте оқуға мүмкіншілігіміз болмады. Бұл мектепте көп мүмкіншілігіміз болады деп ойлаймын. Енді осы мектепте жақсы оқуға тырысамыз.

Ербол Сағындықов, Құрсай шағын ауданының тұрғыны:

Біз бәрінен бұрын мына жерде бала-шағамыз үшін қуанып отырмыз, басты байлығымыз бала болғаннан кейін. Мына жерде осы заман талабына сай мектепте шеберханалар және мектепке сай спорт, АКТ залдары екі спорт залы бар. Оның біреуі гимнастика залы. Көзіміз жетіп отыр осы жерде құдай қаласа балаларымыз білікті білім алады деп сенеміз.

Айта кетейік, құрылысы 2011 жылы басталған ғимарат былтырғы жылдың қазан айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Түрлі қиындықтарды желеу еткен құрылысшылар мен мердігерлер бірнеше мәрте кейінге қалдырып келді.

Еске салайық, Құрсайдағы № 49 мектептің күрделі мәселесін біздің арна бірнеше мәрте көтерген болатын. Мұнда бала санының көптігінен оқушылар бір партада үштен отырып келді. 230 орындық ыңғайластырылған тар білім нысанында 1 мың 622 оқушы бар.

Сондықтан бірнеше жеке үйді қосымша жалға алатын. Кешегі күнге шейін үш ауысымда сабақ беріп келді. Ұстаздар бастауыштың балғындары тіпті, төрт ауысымда оқығанын айтады. Дегенмен қиын күндер артта қалды.

Дейтұрғанмен аймақта 15 үш ауысымда жұмыс істеп тұрған мектеп бар. Сондай-ақ, 48 апатты білім ошағы кезек күтуде.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ