Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Оралда шаруалар өз өнімдерін сата алатын коммуналдық базар жұмысын бастады

AstanaTV
28.01.2015ж. 20:00
1643
Оралда шаруалар өз өнімдерін сата алатын коммуналдық базар жұмысын бастады

Оралдық шаруалар енді өз өнімдерін алыпсатардың араласуынсыз тікелей сата алады. Бүгін қалада өндіруші мен тұтынушыны байланыстыратын коммуналдық базар өз жұмысын бастады. Мұндай сауда орны Оралда алғаш рет ашылып отыр.

Сауда орнының ашылғанына қуанғандардың бірі - Сағидолла Ерешов. Ол ақ-адал малының етін енді осы базарда саудаламақ. Әрі орын үшін ақы төлемейтініне дән риза.

Сағидолла Ерешов, ет сатушы:

Өзіміздің ауылдағы етті әкеліп, осында сатып жатырмыз. Ауылдағы шаруа қожалығында ағам істейді. Мен мында соны көмектесіп, сатып жүрмін. Өзіміздің Орал облысының еті, далада, жайылымда, өзінің қалпымен өскен сиырдың етін сатып жатырмыз, алдағы уақытта кеңейеміз деп ойлаймын, қазіргі уақытта үйренген адамдар бар.

Мұнда сауда орны тегін болғанымен, коммуналдық төлемдер мен сойылған малдың етін бөлу секілді қызметтер ақылы. Ветеринарлық талаптарға сай, ет пен балық өнімдері сақталатын тоңазытқыш, өнім сапасын тексеретін зертхана да жұмыс істейді. Алғашқылардың бірі болып сауда жасаған Александр Солдатов бұл жерден іздегенін тапты.

Александр Солдатов:

Мұндай арнайы сауда орны қашан да керек, өйткені сапасы күмәнді етті көшеден сатып алу қауіпті. Ал бұл жерде ет пен балықты таңдап жүріп, арзан бағамен аласың.

Соңғы кезде рубль курсының төмендеуіне байланысты, Ресейден арзан ет ағылды. Сондықтан жергілікті шаруаларды қолдамақ болған атқамінерлер шетелдік өнімге тосқауыл қойып, осындай қадамға барған.

Әділ Жоламанов, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Өнімдерін өздері әкеліп, ешқандай делдалсыз өздері сата алады, екі күн сата ма, үш күн сата ма, өздері біледі, өздерінің қалауы. Делдалсыз сатылғасын және қалған базарлардағыдан 10-15 пайызға төменге сатады деп отырмыз.

Базарды күрделі жөндеп, толықтай қайта жабдықтау ісіне 50 миллион теңге жұмсалды. Бұл іске оралдық кәсіпкерлердің өздері мүдделілік танытқан.

Еркін Карин, тілші:

Қазір базар сөрелері қаңырап, сөрелері бос тұр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мұнда келіп сауда жасаушыларды емге таппайсыз. Ал бұл іске мұрындық болғандар халық хабардар болғасын, арзан ет іздеген алармандар осында ағылады деген үмітте.

Еркін КАРИН