Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Нұр Отан» партиясы Жеңістің 70 жылдығына әзірлікті пысықтады

AstanaTV
29.01.2015ж. 20:00
1809
«Нұр Отан» партиясы Жеңістің 70 жылдығына әзірлікті пысықтады

Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге 100 күн қалды. Бүгін атаулы датаға әзірлікті «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірлік әріптестерімен бірге селекторлық кеңес барысында пысықтады. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде бірқатар игі шараларды іске асыру көзделген. Жеңістің жетпіс жылдығына тарту ретінде партияның қолдауымен «Астана» телеарнасы «Қазақстандық қаһармандар» атты бейнебаяндар циклін көрсете бастады. Толығырақ Жұрағат Баман тарқатады.

Елбасы пәрменімен өткен күзде Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қолдауға арналған жалпы ұлттық акция басталған. Осыған орай мерейтойға мемлекеттік бюджеттен бес жарым миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсау көзделіп отыр. Бөлінген қаржы майданға қатысқан қарттарымызға әлеуметтік демеу көрсетуге бағытталмақ. Туған тарихты қастерлеуді ту еткен «Нұр Отан» партиясы жеңістің 70 жылдық мерейтойының тиісті деңгейде аталып өтуіне барынша күш салмақ. Өйткені, жоқтың ертеңі жоқ демекші, партиялықтар әсіресе ардагерлердің ерлігін өскелең ұрпаққа дәріптеуге ден қоюда. Жақында Ұлы Отан соғысының батырларына арналған «қаһарман.кз» сайты іске қосылмақ. Онда мұрағаттық құжаттардың көшірмелері, қазақстандық батырлар туралы мағлұматтар, соғыс жылнамасы, фото, бейнероликтер және ардагерлер туралы мақалалар жарияланады.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Түптеп келгенде, атқарылар жұмыстың мәні - тағзымды тәлімге ұластырып, Елбасы саясатының, Тәуелсіздіктің арқасында соғыс көрмеген бақытты ұрпақты елдегі бейбіт өмірді, келісім мен бірлікті көздің қарашығындай сақтауға қашанда даяр болуға тәрбиелеу.

Партияның бастауымен өткен жылы 531 Кеңес Одағы Батыры мен 124 Даңқ орденінің толық кавалерлері бойынша мәліметтер қалпына келтірілді. Сондай-ақ, партиялық «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде бес жарым мыңға жуық ардагердің өмір сүру жағдайы зерттелді. Нәтижесінде 10 мыңнан астам өзекті мәселе анықталып, әр ардагердің дербес әлеуметтік картасы жасалды.

Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары:

Осы 70 жылдыққа 5 миллиард 705 миллион теңгені республикалық бюджет бөліп отыр. Жаңағы қаражат медальдармен марапаттау, бір жолғы жәрдемақы төлеу, біздің ардагерлердің Мәскеудегі парадқа жүруі үшін жол қаражаты қарастырылған.

Атаулы датаға орай «Астана» телеарнасы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Қазақстандық қаһармандар» атты инфографиялық 100 бейнеролик әзірледі. Топтамада батырлардың ерліктері егжей-тегжейлі баяндалады. Онда Кеңес Одағының Батыры атағын небары 18 жасында алған ең жас қазақстандық пулеметші Жәнібек Елеусізовтің, тағы бір батыр атамыз Тайымбет Көмекбаевтардың ерлігі жайлы айтылады. Бірегей мұрағаттық фотосуреттерді пайдалана отырып дайындалған қысқа фильмдерде батырлардың ерлік істері баяндалады. Бейнебаяндар көрсетілімі бүгіннен басталды.

Жұрағат БАМАН