Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағандыда бірнеше үздік мектептердің оқушылары робот жасауды үйренбек

AstanaTV
05.02.2015ж. 13:00
1298
Қарағандыда бірнеше үздік мектептердің оқушылары робот жасауды үйренбек

Қарағандыда бірнеше үздік мектептердің оқушылары робот жасауды үйренбек. Шахардағы 5 білім ошағында робот техникасы зертханалары ашылды. Облыстық білім басқармасы ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық шаралары аясында әр мектепке құны 2 млн.теңге тұратын атақты ЛЕГО роботтарын сатып әперген.

Балалар оларды танып, біліп қана қоймай, қалай жасау керектігін де меңгеруге құлшыныс танытып отыр. Нау есімді мына робот іс-әрекетімен адамға пародия жасайтындай. 19 елдің тілін білетін ол би билеп көңіл көтереді, бала күтіп, күнделікті тұрмыста үй ішіндегі шаруаларды атқаруға көмектесе алады.

Ең бастысы, ақылды техника үй тапсырмасын орындауға да қол ұшын созады. Оқушылар үшін ол ойыншық емес, нағыз дос, әрі шығармашылық туынды. Білімпаздар роботтың өндірістік бағдарламасын үйреніп қана қоймай, одан әрі жетілдірмек.

Арслан Жанасыл, «Мұрагер» дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы:

Біз осы роботтарды көптеген қиын жерлерде, өте үлкен заттарды тасуда қолдана аламыз. Шығармашылық тұрғысынан қызықты. Болашақта оларға көптеген бағдарламалар енгізіп, өзгерте аламыз.

Ал, 10-сынып оқушысы Арыстан, болашақ роботтардың мұнан да үздік боларына сенімді. Ол ұшатын робот жасауды армандайды. Тырнақалды дүниесін құрастырып та үлгерген. Екі дөңгелекті кіп-кішкентай роботты жетілдіріп, өндіріс пен құрылыста пайдаланғысы келеді.

Арыстан Мұхтаров, «Мұрагер» дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы:

Мен оны артымдағы механизмге қарап құрастырдым. Екі аяқпен тепе-теңдік сақтай алады. Олар адамдарға көптеген заттарды бір жерге апарып, әкелуге көмектеседі. Телефонмен басқаруға болады.

Дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектеп-интернатының оқушылары робот техникасы зертханасына ерекше қызығушылық танытып отыр. Жыл басынан бері жүзден астам оқушы арнайы сабаққа тұрақты қатысады. Олар роботтармен аптасына 6 рет жұмыс істейді. Оқушылардың техникалық ой-өрісін дамытуға ұстаздар да ат салысуда. Санкт Петербургте білімін жетілдіріп келген.

Мархабат Жарылғасова, Дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектеп-интернатының мұғалімі:

Балалардың робота техникаға қызығушылығы жоғары. Математика,биология, басқа да пәндерді оқуда пайдалана алады. Сабақта белгілі мақсатта жұмсағылары келеді.

Робот техникасы зертханасы әзірге Қарағандының 5 үздік мектебінде ғана ашылды. Облыстық білім басқармасы ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық аясында жас ұрпақтың заманауи үрдістерді терең меңгеруін көздейді.

Кешікпей «робот техникасы» пәнінің оқу бағдарламасына енгізілуі ғажап емес. Ұстаздар мұндай ұсыныстың жасалғанын айтады. Оқушылар ол күнді асыға күтуде.

Айжан ҚУАШ