$487.37 €532.94 ₽5.09
×

«Тревэл систем» компаниясы бойынша тергеу амалдары жалғасуда

AstanaTV
29.01.2016ж. 20:00
1732
«Тревэл систем» компаниясы бойынша тергеу амалдары жалғасуда

Халықты сан соқтырып кеткен «Тревэл Систем» компаниясы туристеріне көк тиын өтемақы төлемеген. Бұл туралы Қазақстан турагенттіктері қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева біздің арнаға берген сұхбатында айтты. Яғни өткен жылдың жазынан бері жағдай өзгермепті. Қауымдастық басшысының дерегінше, «Тревэл систем» серіктестігінің үстінен тағы бірнеше турфирма арыз түсірген. Әйтсе де турагенттіктер қауымдастығы президенті оның ақшаны қайтарарына күмәнмен қарайды.

Әсел Нүркебаева, Қазақстан турагенттіктері қауымдастығының президенті:

Ол адам ешқандай ресми мәлімдеме жасаған да жоқ. Бәрі құр сөз, мүмкін, өсек-аяң деңгейінде. Егер ол қазір мені көріп тұрса, ұятын оятып, турагенттіктерге ақшасын қайтарсын дегім келеді. Оның кесірінен 100-ден астам турфирма мен 5 мыңдай турист опық жеді. 4,5 млн АҚШ валютасы көлемінде шығын келді.

Ал осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары үстіміздегі жылдың наурызына дейін ұзартылған. Мұны Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері растады.

Алмас Садубаев, ҚР ІІМ баспасөз хатшысы:

Тенгри тревел систем, Тревел систем ЖШС қаржылық шаруашылық қызметіне аудиторлық тексеріс  жүргізілген болатын, осының негізінде жыл басында сот экономикалық сараптамасы тағайындалды. 15 қыркүйекте серіктестіктің бас директоры әрі құрылтайшысы Роман Хан аталған іс бойынша күдікті деп танылды. Алдын ала көрсетілген шығын сомасы 164 млн теңгені құрап отыр.

Еске салайық, өткен жылдың жазында «Тревэл систем» компаниясының басшысы Роман Хан шетелде демалмақ болған мыңдаған туристі алдап кетті. Салдарынан отандастарымыз шетел әуежайлары мен қонақ үйлерінде қаңтарылып қалды. Ханның өзі елден қашқан еді. Ал күзде «Тревэл систем» басшысы түк болмағандай елге оралып, полицияға өз аяғымен барды. Сол кезде ол туристердің ақшасын қайтарып беремін деп ант су ішіп, кепіл ақша төлеп бостандыққа шыққан. Ал "Роман Хан қазір қайда" деген сұрағымызды құқық қорғау саласының өкілдері жауапсыз қалдырды. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ