$472.49 €515.44 ₽5.41
×

Ресейден тауарлар импортын шектеу туралы келіссөз кейінге қалдырылды

AstanaTV
06.02.2015ж. 20:00
1088
Ресейден тауарлар импортын шектеу туралы келіссөз кейінге қалдырылды

Ресейден Қазақстанға арзан тауарлар импортын шектеу жөніндегі келіссөз кейінге қалдырылды. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі Андрей Слепнев Мәскеуде аяқталған Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысынан соң мәлімдеді деп хабарлайды.

Бұған дейін агенттік Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың «Қазақстан Ресей өнімінің импортын шектемейді» деген мәлімдемесін келтірген. Алайда Слепнев, бұл мәселе екі жақты форматта, яғни Ресей мен Қазақстан үкіметтерінің арасында кейінірек талқыланады деп түсініктеме жасады. Ал Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенконың сөзінше, Қазақстан тарапынан өнімдер импортын шектеу туралы ресми бастама да түспеген.

Еске салсақ, жақында отандық кәсіпкерлер мен үкімет өкілдері қатысқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жиналысында, рубльдің құнсыздануына байланысты, көрші елден Қазақстанға ағылған арзан тауардың импортын шектеу туралы екі ел арасында келіссөздер жүргізіліп жатқаны сөз болғаны еді.

Мәскеуде өткен бүгінгі отырыста экономикалық одаққа төрағалық етуші ел, Беларусь премьер-министрі Андрей Кобяков, одақ аясында импорт алмасу саясатын біріздендіру керектігі жайында айтты. Кобяков мүше елдер арасында тауар өндіруші ортақ бір жүйе құру мәселесін де қарастыруды ұсынды. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы 29 мамырда Бурабайда өтетін болды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ